Жаңалықтар

Мұнай алпауыттары литий өндірісіне қызығушылық таныта бастады

Электр көліктерінің аккумуляторларына сұраныстың күрт артуына болуына байланысты ірі мұнай компаниялары литий өндіруді бастауы мүмкін. Бұл туралы Vulcan Energy Resources компаниясының басшысы Крис Морено мәлім етті, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

«Exxon Mobil осы жылдың басында Арканзастың оңтүстігінде литий өндіру құқығына ие болды және мұндай жайттар көп ұзамай қалыпты үдеріске айналуы мүмкін. Себебі геотермалдық тұзды ерітінділерден литий алу процесі мұнай мен газ өндіруге ұқсас, энергетикалық компаниялардың ұңғымаларды бұрғылаудағы тәжірибесін жаңа салада қолдануға болады», – деді Морено.

Ал Vulcan Energy Resources компаниясы Германиядағы Рейн аңғарында литий өндіруді жоспарлап отыр. Компания металды кейіннен литий-иондық аккумуляторларда пайдалану үшін алудан бөлек, геотермалдық тұзды ерітіндінің жоғары температурасынан электр энергиясын өндірмек.

«Литийді коммерциялық өндіруді бастау 2025 жылдың соңына жоспарланған. Жобаны әзірлеудің бірінші кезеңі аясында компания жылына 24 мың тонна литий гидроксидін өндіруді көздеп отыр, бұл 500 мың электромобильге аккумулятор шығаруға жетеді», – деп хабарлады неміс компаниясы.

Жалпы алғанда, Еуропада 2030 жылға қарай литий өндіру бойынша 50-ге жуық жобаны іске қосу жоспарланған.