Қазақстанда өмір сүру қымбаттап бара ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Өмір сүру деңгейіне қатысты рейтингте Қазақстан 140 елдің ішінде 91-орында тұр. Қазақстанның индексі бұл рейтингте 25,4-ті құрайды. Аталмыш рейтинг тұтыну тауарлары мен жалға берілетін тұрғын үй құнын Нью-Йорк қаласымен салыстыра отырып дайындалған.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ең қымбат елдердің бірі. Ол Армениядан кейін екінші орында тұр. Ал Беларусь 98-ші, Молдова 101-ші, Ресей 110-ші, Қырғызстан 111-ші, Украина 114-ші, Әзірбайжан 119-шы, Өзбекстан 125-ші орында. Алдыңғы орындарды Бермуд аралдары, Кайман аралдары және Сингапур алса, Пәкістан рейтингтің ең соңында.

Қазақстанға келсек, 2023 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша, елімізде тауарлар мен қызметтердің бағасы 0,6%-ға, жыл басынан бері 5,8%-ға көтеріліп, бір жылда жалпы 14%-ға өскен. Биыл қаңтар–шілдеде бағаның өсуі 2022 жылғы қаңтар–шілдемен салыстырғанда 17,2%-ды құрады.

Өңірлер бойынша ай сайынғы динамикада бағаның ең көп өсімі Ұлытау облысында (1%), сондай-ақ Қарағанды және Қызылорда облыстарында, Астана және Алматы қалаларында тіркелген. Онда өңірлердің әрқайсысында 0,8%-ды құраған.

Жылдық динамика бойынша тауарлар мен қызметтер бағасының ең үлкен өсімі Ұлытау облысы және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында тіркелген. Әр өңірде өсім шамамен 15,4%-ды құраған. Ал ең аз өсім Атырау облысында тіркелді, онда 11,8%-ға көтерілді.

Биылғы көрсеткіштерге келер болсақ, қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша бағаның ең көп өсімі Маңғыстау облысында тіркеліп, 19,5%-ды құрады. Ал ең азы – Алматы облысында тіркелді, онда көрсеткіштер 15,7%-ды құрады.

Ай сайынғы динамика бойынша, азық-түлік тауарлары – 0,1%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 0,7%-ға, ақылы қызметтер – 1%-ға қымбаттаған. Ал жылдық динамикада азық-түлік тауарлары – 13,5%, азық-түлік емес тауарлар – 15%, ақылы қызметтер – 13,6% қымбаттады.

Қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша, баға азық-түлік тауарлары – 19%, азық-түлік емес тауарлар – 17,8%, ақылы қызметтер – 13,9% болды.

Азық-түлік және алкогольсіз сусындар бір жылда 13,3%-ға қымбаттаған. Киім және аяқ киім бір айда 0,7%-ға, бір жылда 15,2%-ға артты. Тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және басқа да отын түрлері бір айда 1%-ға, бір жылда 14,9%-ға өсті. Ал денсаулық сақтау қызметтері бір айда 1%-ға, бір жылда 17,5%-ға артса, демалыс және мәдениет қызметтері бір айда 3,6%-ға, бір жылда 16%-ға жоғарылаған. Білім беру қызметтері бір айда 0,2%-ға, бір жылда 13%-ға, мейрамханалар мен қонақүйлер бір айда 0,5%-ға, бір жылда 15,3%-ға қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз