Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға байланысты шаруалардың шығыны өтеледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Жамбыл облысында құрғашылықтан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептеліп жатыр. Олардың шығыны төленеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасының басшысы Олжас Тілебалдин айтты.

«Жамбылдағы құрғақшылықтан Қырғызстаннан келетін су көлемінің аз болуына байланысты 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды. Онда жүгері және қант қызылшасы өсірілген», – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазір Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, шығынды есептеп жатыр.

«Шаруалардың шығындарын және мемлекет алдындағы бұрынғы берешегін өтеп беру, кредитін одан әрі ұзарту және субсидияны тезірек төлеу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе премьер-министрдің назарында. Бұл жұмыс күздің соңына дейін аяқталады», – деді Олжас Тілебалдин.

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шығынды есептеу мен субсидияны беруге жергілікті билік жауап береді.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз