Наурызбай ауданының барлық шағын аудандарында жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына 736.7 млн теңге қаражат бөлінген. Ал «Таусамалы» шағын ауданында инженерлік желілерді жүргізуге 273,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл жайлы Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Жол инфрақұрылымын дамыту біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінгі таңда аудан бойынша 70 көшеде 30 мың м2 жол жөнделді. Жыл соңына дейін 130 көшені қамти отырып, тағы 25 мың м2 жолды жөндеу жоспарлануда. Жөндеуге 736.7 млн теңге қаражат бөлінді» , деді қала басшысы.
Сондай-ақ, әкім «Таусамалы» шағын ауданында инженерлік желілерді жүргізгеннен кейін жол төсемін қалпына келтіру жұмыстарына байланысты шағымдар айтылғанын, бүгінгі таңда аталған жоба түзетіліп жатқанын айтты. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін, оның ішінде бұрын есепке алынбаған абоненттер үшін желілерді төсеуге қосымша 273,4 млн теңге қаражат бөліну жоспарланған. Сонымен бірге әкімдік ауданды кесіп өтетін қаланың ірі көшелерін ұзартуды көздеп отыр.
«Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін (600 метр) ұзарту аясында бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Сонымен бірге Төле би көшесін ұзарту мақсатында Алатау даңғылы мен Алтын Орда көшесі арасында ұзындығы 700 метр жол салу жұмыстары басталған. Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту аясында бүгінгі таңда мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жұмыстар жер учаскелерін сатып алуға байланысты жүргізіледі», деді әкім.