Атырау облысында лицензиясыз жұмыс істеген «ұлттық қыздар мектебінің» қызметі тоқтатылды

Жарияланды

Фото: .kursiv.media

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Қазақ ұлттық қыздар мектебінің» жұмысын тоқтатты.

Сотқа Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапалы қамтамасыз ету комитетінің Атырау облысы білім саласындағы сапалы қамтамасыз ету департаменті жүгінген.

Мекеме «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС білім беру қызметін тоқтатуды сұраған.
ЖШС 2022 жылдың 18 маусымында заңды тұлға ретінде тіркелген. Алайда лицензияны және лицензияға қосымшаны алмастан лицензиялауды талап ететін білім беру қызметімен айналысып, Атырау қаласында 2022-2023 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап 117 баланы (7 сынып) қабылдаған. Осылайша жеке меншік білім беру ұйымы ретінде өз жұмысын бастаған.

Сотта мектеп тарапы лицензияға құжаттар тапсырып қойғанын айтып, мектептің білім беру қызметін тоқтатпауды сұрады.

Сот шешімімен министрліктің талабы қанағаттандырылды, осылайша «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білім беру қызметін тоқтату туралы шешім шықты.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан мектептерінде оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берілді деген ақпаратқа пікір білдірді. Министр балалардың мектепке оқушы формасымен келуі керек екенін айтты. Айтуынша, 2016 жылы шыққан бұйрықтың күші жойылмаған.

«Конституция бойынша Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектептегі формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз