Елімізде 1,1 млн оқушыға орын жетпеуі мүмкін – оқу-ағарту министрлігі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2026 жылы елімізде оқушылардың саны 4,5 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Алайда1,1 млн балаға мектепте орын жетпеуі мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі қаржы және бюджеттің жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты.

Молдаштың айтуынша, қазір республикада 7 700-ге жуық мектеп жұмыс істеп тұр. Ол жерде 3,9 млн оқушы білім алады.

«Орта білім беру саласында ең өзекті мәселе – оқушы орындарының үнемі жетіспеуі. Әсіресе, бұл мәселе ірі қалаларға қатысты. Статистикаға жүгінсек, тәуелсіздік жылдары мектептер 1,6 мың бірлікке қысқарған. 2026 жылға дейін оқушылар контингенті 4,5 млн балаға өседі, ал оқушы орындарының тапшылығы 1,1 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар», – деді Ғалымжан Молдаш Астанада өтіп жатқан Тамыз кеңесінде.

Бұл күрделі мәселені шешу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылған. Ондағы негізгі міндет:

  • құрылыспен жабдықтарымен жабдықтаудың бірыңғай стандартын қолдану;
  • оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау;
  • білім беру қызметтерінің сапасын арттыру.

Қазір 217 мектептің құрылысы бойынша жер учаскелерін бөлу, қажет құжаттарды әзірлеу, келісулер және тағы басқа ұйымластыру шаралары шешіліп жатыр. Өңірлердің әкімдіктері құрылыс объектілерін қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, автобус маршруттары және аялдамалармен қамтамасыз етеді. Әр мектепке апаратын жол салынады, әсіресе ірі, орташа және шағын қалаларда әр мектептің жанында міндетті түрде автобус аялдамасы салынады.

Сонымен қатар «Жайлы мектептер» толық отандық тауар өндіруші шығарған жиһазбен қамтамасыз етіледі. Одан басқа, мектептерді салу барысында отандық тауар өндірушінің өнімдері міндетті түрде пайдаланылады. Бұл ұстанымды қадағалау «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз