Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды негізде жұмыс істей алады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев министрлікте ел азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды негізде жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

«Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Осы жүйе арқылы жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Шетелде жұмыс істегісі келген адамның алдымен тіл үйренуіне, міндетті медициналық тексеруден өтуіне, қажетті құжаттарды рәсімдеуіне еңбек ұтқырлығы орталықтары көмектеседі», деді ол.

Бұл шетелде істейтін қазақстандықтардың құқын заңды негізде қорғау үшін қажет. Осы мақсатта Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдермен ондағы ҚР азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдер жасауға бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдана бастаған.

Біздің міндетіміз – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың заңды құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам қазақстандық шет мемлекеттерде еңбек етуде. Нақтылап айтқанда, Ресей Федерациясында –162 мың, Польшада –13 мың адам, Оңтүстік Кореяда – 6 мың адам, Ұлыбританияда 5 мын адам жұмыс істеп жүр», дейді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ оқыңыз