Жаңалықтар

Тоқаев Зеленскийді Украинаның Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскийді Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскийге құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы украин халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады», делінген хабарламада.

Жеделхатта нақты не жазылғаны хабарланбаған.

Украина президенті кеңсесінің баспасөз қызметі әзірге Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтауы туралы ақпарат жариялаған жоқ.

Қазақстан Президентімен қатар, құттықтау хат Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Молдова президенті Майя Сандудан да келгені белгілі.

1992 жылғы ақпанда Жоғарғы Рада Украинаның Тәуелсіздік күнін тойлаудың ресми күні 24 тамыз деп бекітті. 1991 жылы осы күні Украина КСР Жоғарғы Кеңесі Украина тәуелсіздігінің Декларациясы туралы актіні қабылдаған.