«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысын аяқталады. Жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салу жоспарланған.
2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Ұлттық жоба апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушылар орнының тапшылығын жоюға бағытталған.
Қалаларда 205, ауылдарда 164 білім беру нысаны салынады. Жалпы жобаны жүзеге асыруға барлығы 2,4 триллион теңге бөлінеді.
Жоғарғы аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова 15 маусымдағы Сенат отырысында Білім министрлігі 2022 жылы «Жайлы мектептер» жобасын жүзеге асырудан бас тартқанын, содан кейін жоба «Самұрық-Қазына Құрылысқа» берілгенін айтқан болатын. Ол жобаға қомақты қаржы – 2,6 триллион теңге бөлінгенін, бірақ оның мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмай жүзеге асырылып жатыр деді.
Samruk-Kazyna Construction Наталья Годунованың «Жайлы мектеп» жайындағы сынына жауап беріп, конкурстық рәсімдер Samruk-Kazyna Ұлттық әл-ауқат қорының ережелеріне сәйкес, ерекше тәртіппен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Жақында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының операторы Samruk-Kazyna Construction отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттелді.