Кентау қаласының экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды

Жарияланды

 

Кентау қаласының экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.

2023 жылғы 25 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алаяқтық және пара беруге итермелеу фактісі бойынша экс-әкім Аюповқа қатысты үкім шығарды (ҚК 1997ж. редакциясында 177-бабы 4-бөлігінің «б» тармағы, 28-бабының 4-бөлігі – 312-бабының 5-бөлігі).

Тағылған айып
2013 жылы Аюпов белгісіз тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы тұлғалар тобында алдау және АҚ компаниясының меншік иесінің сенімін теріс пайдалану арқылы соңғысын Алматы қаласында электр қосалқы станциясын салу тендерінде жеңіске жетуге жәрдемдескені үшін лауазымды тұлғаға 2,8 млн. АҚШ доллары мөлшерінде пара беруге итермелеп, соңғысының ақшалай қаражатын делдал арқылы иемденді.

Сотта
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

▶️ Тараптардың ұстанымы
Сот отырысында прокурор Аюповты қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қорғаушы тарап сотталушыны ақтауды сұрады.

▶️ Жаза
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының 3 кәмелетке толмаған балаларының болуын және денсаулық жағдайын таныды.


Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Аюповты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК 1997ж. редакциясында 177-бабы 4-бөлігінің «б» тармағы) бұл ретте қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды және пара беруге итермелегені үшін (ҚК 1997ж. редакциясында 28-бабының 4-бөлігі – 312-бабының 5-бөлігі) 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Аюповтан мемлекет кірісіне сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау нәтижесінде алынған 422 млн. 800 мың теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз