Астық нарығы: Ресейдің арзан бидайы Қазақстанның дәстүрлі нарығын жаулап ала ма?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ресей өзінің арзан бидайымен Қазақстанның дәстүрлі нарық бағыттарын басып алуы мүмкін. Қазақстан бұл мәселені қалай шешеді? Бұл жайлы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Самат Теңбаев айтып берді.

Онсыз да көрші елден сұр схемамен кіріп жатқан бидай көлемі еліміздегі дихандардың өніміне сұранысты азайтып, бағаның түсуіне себеп болып отыр. Бұл нарықта бәсекелестік артқан. «Азық-түлік корпорациясы» өкілінің айтуынша, Қазақстан басқа нарықтарға да шыға алады.

«Соңғы екі-үш жылда Қазақстанның дәстүрлі нарығында бәсекеслестік өте жоғары деңгейде. Біз Орта Азияға жылына 5 млн-ға жуық бидай экспорттаймыз. Қазіргі бәсекелестікке байланысты, біз сәуір айынан бастап Қытай нарығына шыға бастадық. Бұл бағыттағы негізгі кедергілердің бірі – инфрақұрылыммен байланысты. Яғни өткізу қуаты біз ойлағандай емес. Біз жарты эжылда жарты миллион тонна өнім экспорттадық. Онда тек «Азық-түлік корпорациясы» ғана емес, сонымен бірге ел нарығындағы барлық өндірушілер өз өнімдерін экспорттай алды», дейді корпорация өкілі.

Болашақта Қытайға жөнелтілетін бидай көлемі арта түспек. Оған ел шаруаларының мүмкіндігі де бар және Қытай тарапы да сатып алуға мүдделі екен. Десе де, орта Азия нарығын да жоғалтып алмауға тырысқан жөн дейді Самат Теңбаев.

«Алдағы уақытта біз бұл көлемді 1 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Ондай мүмкіндігіміз де бар. Жалпы Қытай бізден 3-3,5 млн тонна алуға дайын. Десе де, біз Орта Азиядағы өз дәстүрлі нарығымызды жоғалтпауымыз керек. Ол үшін күрес жалғасады деп ойлаймын», деді ол.

Еске сала кетсек, мәжілісмендер астық нарығын Ресейден заңсыз келетін бидайдан қорғауға шақырды. Бидай нарығына заңсыз кірген импортерлер тарапынан демпинг жалғасатынын айтқан депутаттар шұғыл шара қолдануды сұраған болатын.  

Ал 11 cәуір күні Ауыл шарушылығы министрлігі Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салды. 

11 тамыз күні АШМ бұл тыйымды тағы 6 айға ұзартты.

Сондай-ақ оқыңыз