«Қазақстанда ашылатын Microsoft хабы Америка Құрама Штаттарының мүддесі үшін жұмыс істейді» деген кейбір сарапшылардың пікіріне қатысты Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, Microsoft корпорациясының мультиаймақтық хабының негізгі бағыты – жергілікті IT мамандарын қолдау және оқыту.
«Microsoft өкілдерінің айтуынша, мультиаймақтық хабтың негізгі міндеті – компанияның аймақтағы қызметін үйлестіру және қолдау. Сондай-ақ хаб жергілікті нарықтар мен қажеттіліктерді талдау қызметімен айналысып, Microsoft өнімдері мен қызметтерін белгілі бір аймақтың талаптарына қарай бейімдейді», делінген баспасөз хабарламасында.
Мультиаймақтық хаб өңірдегі компаниялармен, әзірлеушілермен және басқа серіктестермен ынтымақтастық пен әріптестік орнатуға жол ашпақ.
«Көп аймақтық хабтың басымдықтарының бірі – жергілікті IT персоналын оқыту және қолдау. Осы ынтымақтастық аясында бұл хаб ІТ мамандарын мен олардың тұтынушыларына оқыту бағдарламаларымен, ресурстармен қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Солайша тұтынушыларға Microsoft өнімдері мен технологияларын тиімді пайдалануға көмектеспек», деп түсіндірген баспасөз қызметі.
Министрлік сондай-ақ «хаб Америка Құрама Штаттарының, соның ішінде американдық барлау агенттіктерінің мүдделері үшін жұмыс істейді» деген пікірге қатысты жауап берді.
«Хаб Америка Құрама Штаттарының мүддесі үшін қызмет етеді» деген алаңдаушылық жоқ. Көп аймақтық хабтың ашылуы Microsoft корпорациясының біздің елді тұрақты және перспективалы серіктес ретінде көретінінін дәлелдейді. Компанияның бас кеңсесімен тікелей байланысу біздің кейбір мәселелерде тез шешім қабылдауымызға өз әсерін тигізбек», деп хабарлады баспасөз қызметі.
Министрліктің хабарлауынша, Astana Hub пен Microsoft for Startups арасында IT-индустрия мен инновацияны дамытуға бағытталған бірқатар семинарлар мен оқыту курстарын қамтитын бірлескен жеделдету бағдарламасын іске қосу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 10 сәуірінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Microsoft» корпорациясы Қазақстанда мультиаймақтық хаб ашатыны туралы хабарлады. Ол бұл хабтың корпорацияның технологиялық даму және инновациялық орталығы бола отырып, шикізаттық емес технология салаларындағы өнімдерді өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайту драйверіне айнала алатынын айтты.
Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын екені жөнінде ресми түрде Қазақстан тарапын хабардар еткен. Бағдат Мусиннің дерегінше бұл хаб Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды.
Ал 8 маусымда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Google Ресей нарығынан шығып, өз қызметін Қазақстан нарығына қайта форматтайтынын мәлімдеді.