Қарағандыдағы ауруханаларда Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тағы бір баласы қайтыс болды, деп хабарлайды Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Қарағандыдағы ауруханаларда Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балалары ем алуды жалғастыруда. Алайда дәрігерлер қанша тырысса да бір науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында жатқан 2012 жылы туған бала 28 тамызда қайтыс болды. Баланың жағдайы бастапқыда өте ауыр болды. Терапияның тактикасы үнемі республикалық мамандармен талқыланды. Өлім себебі – жүрек жеткіліксіздігі», делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, 1 тамызда еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Алты бала жансақтау бөліміне түскен. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жолға шыққан болатын.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыдағы 14 баланың тамақтан уланбағанын айтты. Министр Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылғанын хабарлады.
«Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру шараларын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижесі аурудың даму сипаты тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурулардың жоғын көрсетті. Бұл жағдайдың болу себебі дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты уланған деп пайымдайды. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында», – деді ведомство басшысы.
Ал 10 тамызда балалардың улануына байланысты жұмыстан шеттетілген 10 қызметкер жұмысына оралды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі — елдің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
14 бала уланды, бір бала қайтыс болды. 7 бала ауруханадан шығарылды, 6 баланың жағдайы ауыр, 4 балада жағдайы ауыр болып отыр. Оның ішінде 2 баланың жағдайы өте ауыр. Балалардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Себебіне келсек, эпидемиологиялық тексеріс өткізілді. Нәтижесінде балалардың тамақтан уланбағаны анықталды. Болуы мүмкін деген инфекцияларға сынама алынды. Оның нәтижесі де теріс болды. Балаларға қойылған диагноз – себебі белгісіз улану. Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесін күтеміз», – деді Айжан Есмағамбетова .