Жоғары аудиторлық палата 9,3 триллион теңге бюджет қаржысының қалай игерілгенін тексерген

Жарияланды

Фото: Ашық дереккөздерден

Жоғары аудиторлық палата жыл басынан бері 9,3 триллион теңге бюджет қаржысы бойынша 121 нысанда 12 аудиторлық тексеріс жүргізген. Бүгін Президент қабылдауында болған Наталья Годунова палатаның 1-ші жартыжылдықта атқарған қызметі жөнінде есеп берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты ұйымдарға, сондай-ақ «Қазсушар» РМК-ға және тағы да басқа мекемелерге жүргізілген жекелеген аудиторлық тексерістердің қорытындысы туралы мәлімет берді», -делінген хабарламада

Президент бюджет қаржысының жұмсалуына және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу тиімділігіне аудит жүргізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берген.

2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қорытындысын жариялаған Жоғары аудиторлық палата 9 ұлттық жобаның жетеуінің тиімділігі төмен деп мәлімдеген еді.

Атап айтқанда, 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі  жобаның 7-інің тиімділігі төмен. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган мен орталық мемлекеттік орган арасында іс-шаралардың қаржыландырылу көлемі мен орындалуы бойынша деректердің бір-біріне қайшы келу жағдайы көп кездескен.

Сондықтан Наталья Годунова ақшаны игере алмаған шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды ұсынды. Палата басшысы заңнамалық негізде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ортақ жауапкершілік енгізу қажет деп санайды. Мұндай жауапкершілікке орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын жұмсайтын жергілікті атқарушы органдар да тартылуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз