Bereke Bank Mastercard төлем жүйесіне қайта қосылды

Жарияланды
shutterstock

Сбербанктің бұрынғы қазақстандық еншілес ұйымы Bereke Bank MasterCard төлем жүйесімен жұмысын қайта бастады. Бұл жайлы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Банктің Mastercard карталарымен бүкіл әлем бойынша, соның ішінде сауда нүктелерінде, кафелер мен мейрамханаларда, веб-сайттар мен қосымшаларда ақша төлеуге болады және ақша аударымдарын жасап, қолма-қол ақша алуға да болады. Сондай-ақ, клиенттерге онлайн транзакциялардың барлық түрі қолжетімді, оның ішінде шетел валюталары – АҚШ доллары, еуро, рубль және юаньда ұлттық аударымдар жасау мүмкіндігі бар», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сбербанктің қазақстандық еншілес ұйымы 2022 жылдың наурыз айында АҚШ-тың санкциясына ұшырап, MasterCard төлем жүйесінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын «Bereke Bank» деп өзгертті. Сондай-ақ қыркүйекте банктің жаңа иесі OFAC-қа банктен санкцияларды алып тастау үшін құжаттар пакетін тапсырды. Осы жылдың наурыз айында банк санкциялық тізімнен шығарылды.

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша «Bereke Bank» активтерінің көлемі бойынша еліміздегі 21 банктің арасында 9-шы орында тұр.

«Береке» банкінің 100% акциясының иесі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және ел тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді даму институты. Қазақстан Үкіметі оның түпкілікті бенефициары болып табылады. 2023 жылғы маусымда Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Bereke Bank-ке шетелдік және жергілікті валютадағы эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингтерін «ВВ» деңгейінде «Тұрақты» болжаммен белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыз