Германия қазақстандық мұнай көлемін арттыруға қызығушылық танытып отыр

Жарияланды
shutterstock

Германияның ресми тұлғалары Қазақстанмен мұнай-газ секторындағы өзара байланысты нығайтуға мүдделі. ҚМГ баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар басқа да қазақстандық мұнай компанияларының ресурстарынан қазақстандық мұнайдың жеткізу көлемін ұлғайтуға қызығушылығын растаған.

«..келіссөз аясында ҚМГ басшысы қошеметпен қабылдаған неміс тарапына алғыс айтып, қазақстандық тараптың ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендігін жеткізді.Өз кезегінде, ГФР-дың ресми тұлғалары Қазақстанмен мұнай-газ секторында өзара байланысты нығайтуға мүдделі екендіктерін атап өтіп, басқа да қазақстандық мұнай компанияларының ресурстарынан қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуға қызығушылығын растады», делінген хабаламада

27-28 тамызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ делегациясы неміс тарапының шақыртуымен Германияға жұмыс сапарымен барып, Шведт қаласында орналасқан PCK (Petrolchemie und Kraftstoffe AG) Raffinerie мұнай өңдеу зауытының қызметімен танысқан.

«Биылғы ақпан-шілде айларының аралығында еліміз Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы 390 мың тонна мұнай жеткізді. Маусымда ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мырзаның Қазақстанға сапары кезінде ҚазМұнайГаз бен Rosneft Deutschland (зауыттың басқарушы компаниясы) шикі мұнайды жеткізу туралы келісімшартқа қол қойған болатын. Құжатта көрсетілген міндеттемелер тиісті деңгейде орындалып жатыр. Жоспарға сай, 2023 жылы Германияға жеткізілетін мұнайдың жалпы көлемі кемінде 890 мың тонна болмақ», – деді М.Мырзағалиев.

Берлин және Бранденбург федералды жерінің бензин, дизель, пеш және авиация отыны қажеттілігінің 90%-ын қамтамасыз ететін PCK Raffinerie МӨЗ-нің жылдық қуаты – 11 миллион тоннадан астам шикі мұнай. Зауыт техникалық-экономикалық көрсеткіштері бойынша Еуропадағы үздік кәсіпорынның бірі болып саналады.

Бұдан бөлек, ҚМГ Басқарма Төрағасы Берлинде ГФР-дың Экономика істері және климатты қорғау министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнермен, сондай-ақ, Бранденбургтың Экономика және энергетика министрі Йорг Штайнбахпен кездескен. Басқосуда мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, жаһандық шиеленістің ушығуы жағдайында санкциялық қауіп-қатердің алдын алу мәселелері талқыланды.

2022 жылы Германия үкіметі Қазақстанға PCK Raffinerie (Шведт қ.) мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу туралы өтініш білдірген. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Rosneft Deutschland маусым айында Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Ол құжатқа сәйкес, Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде мұнай тасымалданады. Биыл Германияға жөнелтілетін мұнай көлемі – кемінде 890 мың тонна көлемінде бекітілген.

2023 жылы «Дружба» құбыры арқылы көлемі 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу мәселесі Ресей тарапымен бұған дейін келісілген.

6 тамызда қазақ мұнайы айдалатын «Дружба» мұнай құбырының Польшадағы учаскесінде қысымның төмендеуіне байланысты құбырдың бір тармағының жұмысы тоқтап қалған болатын.

8 тамызда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев «Дружба» мұнай магистраліндегі апатқа қарамастан, Қазақстан мұнайы Германияға уақтылы жеткізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз