Жыл соңына қарай инфляция 10-12% деңгейінде болады – Ұлттық банк

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Елімізде инфляция 2023 жылдың соңына қарай 10-12% деңгейінде болады. Ал 2025 жылдың соңында 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

«Кейін инфляция 5% төңірегінде сақталады. Бұған сыртқы орта тарапынан инфляциялық қысымның одан әрі әлсіреуі және тежеуші ақша-кредит шарттары ықпал ететін болады. Бұл бағалау Үкіметтің болжамдарына жақын», – деді ол.


Айтуынша, базалық сценарийде төлем балансының қазіргі шоты 2022 жылғы профициттен – дефицит аймағына ауысады. 2023 жылы дефицит жалпы ішкі өнімге қатысты (-)3,4%-ды құрайды. Одан кейінгі жылдары төлем балансының қазіргі шоты дефицит аймағында сақталып, жақсарады.

«Ұлттық Банк инфляцияны одан әрі төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыра береді. Фискалдық саясат тарапынан контрциклдік бюджеттік ережелерді бұлжытпай сақтау маңызды. Бұл өз кезегінде макроэкономикалық саясаттың үйлесімін арттыра түседі», – деді.

Айта кетейік, елімізде жылдық инфляция бірнеше айдан бері бәсеңдеп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, шілдеде жылдық инфляция 0,6%-ға баяулап, 14%-ды құрады. Маусым айында 14,6% болған.

Сондай-ақ оқыңыз