Бюджеттің басым бөлігін толтырып отырған өңірдегі ауылдардың жағдайы қалай?

Жарияланды (жаңартылды )

   Қазірде еліміздің батыс аймағы елдің назары мен базарын тоғыстырып отыр. Аталған өңірде 2021 жылғы ресми мәлімет бойынша 85 млн тонна мұнай өндірілді (581 млн 740 мың баррель). Соңғы жылдары өндірілген газ көлемі жылына 55,1 млрд текше метр. Бұл шамамен 61 млрд доллар болатын табыс әкеледі.

Соның ішінде Атырау облысында жылына 50 млн тонна мұнай өндіріледі, жалпы ел бойынша өндірілетін мұнайдың үштен екісі деген сөз. Өңір экономикасының негізін мұнай-газ секторы құрайды – облыстың өнеркәсіп өнімі көлеміндегі оның үлесі 88%. 2020 жылы жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 11883, 2 млн теңгені құрады. Бұл мөлшер жалпы республика көлемінде алғанда бірінші орын иеленеді. Ал облыс ЖӨӨ-нің республика бойынша үлес салмағы – 11%.

    Ендеше осынау табыстың облыс ауылдарын дамыту ісіне әсері, ықпалы қандай? Курсив тілшісі Атырау облысындағы ауылдардың жағдайымен танысып қайтқан еді.

Халық саны, өндіріс көлемі

    Жалпы, Атырау облысында барлығы 698 мың адам тұрады. Оның 386 мыңы қалаларда. Облыс орталығы Атырауда және Құлсары моноқаласында шоғырланған (55,2%). Ал, 312 мыңы 153 ауылдық елді мекендерде (44,8%). Тұрмыс деңгейі бойынша алғанда, биылғы бірінші тоқсанда жан басына шаққандағы табыс былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26,4%-ға артқан (биыл ол көрсеткіш 359 мың теңгені көрсетті). Бұл көрсеткіш мұнай бағамының өзгеруіне немесе облыстағы жалпы өнім көлеміне байланысты ма, ол жағы ресми белгіленген мәліметтерде сараланбаған.

Осы орайда облыстағы экономиканың нақты секторына қатысты көрсеткіштер отбасы табысының өсуі аталған секторға байланысты болуы әбден мүмкін екенін көрсетеді. ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 54,9%-ды, қызмет көрсету 45,1%-ды құрайды. 2023 жылғы өнеркәсіп өндірісінің көлемі алдыңғы 2022 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға артқан. Егер тау-кен өндірісінде өнім 8,5 % өсім көрсеткенін, өңдеу өнеркәсібінде 9,5%-ға артқанын ескерсек, ілгерілеу мұнай өндіру және оның өнімдерін өңдеп-ұқсату есебінен болуы әбден мүмкін.

Атырау облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасы биыл көктемде жария еткен мәліметке қарағанда, облыстағы ауыл тұрғындарының саны – 300,3 мың адам. Ал, Ұлттық статистика бюросының соның алдындағы мәліметі бойынша бұл сан 312 мың адамды құраған еді. Екі арадағы айырма – 11,9 мың адам, яғни осы мерзімде ауыл халқында аз да болса кері сальдо орын алған.

Мұнда демографиялық себеп болуы ықтимал: облыста халықтың табиғи өнімінің бірте-бірте кемуі байқалуда: 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында дүниеге келген нәресте саны былтырғы сәйкес кезеңнен 1,2%-ға кеміген, ал әдетте ең көп бала саны дәстүрлі қоғам есебіне келетінін ескерсек, бала санының кемуі ауылға емес, қалалық жерлерге, сондай-ақ ана мен бала өліміне қатысы болуы мүмкін, облыста бала шетінеу, ана өлімі және психоневрологиялық аурулар өсіп келеді. Тұтас алғанда ауыл халқының орындарынан көп қозғалмағаны аңғарылады.

Жойылған ауылдар

Облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасының  биыл берген мәліметі (azh.kz) бойынша, жоғарыда айтылған 153 ауылдың ішінен 93 ауыл «даму әлеуеті бар» деп танылып, олар «Aуыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша даму, жаңғырту көмегін ала бастаған. Биыл ауылды жаңғыртуға барлығы 5,8 млрд теңге бөлініп отыр. Қалған 50 ауыл жан саны 250 адамнан аспағандықтан, «даму әлеуеті жоқ» ауылдарға жатқызылса керек. Айта кету керек, тұрғын саны осы мөлшерден асатын 130 елді мекенге 3 G, 4 G технологиялы кеңжолақты интернет желісі жүргізілген.

 Бұрын мұндай жан саны аз ауылдар «перспективасыз ауыл» тізіміне енгізіліп, ондағы тұрғындарды облыс орталығына, немесе Жайық өзені жағасына көшіріп, шоғырымен қоныстандыру саясаты жүргізілгені белгілі. Осылайша 1990-шы жылдардан бері мұнайлы Мақат, Жылой аудандарының бірқатар ауылдар – Сағыз, Қошқар, Байшонас, Ескене, Қарсақ, Қаратон ауылдары жойылып, аттары карта бетінен де өшірілген. Негізгі бағыт –  бас жоспар бойынша осы жолмен болашақта мұнай өнімдерін өндіру-ұқсату зауыттары салынатын аймақты түгел тазарту, Доссор мен Мақатты вахталық кенттер ретінде пайдалану болса керек. Мұнайы біткен ауылдар шөлейтті жерлерде жатыр, олардың жері түйеден басқа түліктің өзге түрлерін өсіруге қолайсыз, яғни бюджеттік түсім бермейді. Мұндай жағдайда олар мемлекетке артық салмақ.  

Бюджетке түсім беретін ауылдар

Қызылқоға, Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында, Жылой ауданында ішінара төрт түлікті түгел өсіруге жағдай бар, сәйкесінше кіріс көзі де бар. Сондықтан бюджеттік қаржы-қаражатты осы аудандардағы ауылдарды дамытып, модернизациялау жұмсау көзделгендей.  

Яғни, облыс басшылығы аудандарды қолдан теңшеу, теңдестіру үрдісінен қашып отырған. Бұл мәселенің субъективтік жағы да бар. Оны облыс тұрғындары әңгімелеу кезінде іркілссіз айтады. Мәселенің мәнісі – Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде облыс тұтқасын ұстаған өңір басшылары өздері туып-өскен аудандарды дамытуға көбірек күш салған, мысалы, Бергей Рысқалиев «дәуірінде» Қызылқоға ауданына, Бақытқожа Ізмұхамбетов «кезеңінде» Махамбет, Индер аудандарына көбірек көңіл бөлінген сияқты. Кейінгі басшылықтар кезінде бұл үрдіс өз жалғасын тапты дей алмайсың, сірә, бұл жерде аудандарды дамыту жоғарыда айтылған пайдалылық еселігіне (коэффициентіне) бағынып отыр десе лайық. Яғни, негізгі назар бюджетке түсім беретін аудандарға аударылуда.

Инфрақұрылым жолға қойылған

Облыс тұрғындары көршілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына қоса енді кейінгі жылдары Ақтөбе облысымен де әлемдік стандартқа сай тасжолдармен байланысатын болды және ауылдар ішіне асфальт жол, тіпті табан жол (тротуар) түскен. 2019-2022 жылдар аралығында ішіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 15 нысан, 20 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, 6 көлік нысаны (ауылішілік жолдар салу, оларды жөндеп, реконструкциялау) кірген, жалпы құны 24 млрд теңге 41 жоба іске асырылған.

Спорттық кешендер, мәдениет ошақтары көп ауылда бар. Мысалы, Жылой ауданындағы Қарағай ауылы 40 шақты үйден тұрады, соған қарамастан ауылға бұрынғы тоқ желісіне қоса газ тартылып, «Мөлдір бұлақ» бағдарламасымен су жеткізілген. Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылына таяу Аққора елді мекенінде бар-жоғы жиырма түтін, десе де аудан әкімдігі ондағы кітапхананы жаптырмай ұстап қалған. Осындай жағдайды Индер ауданындағы шағын Құрылыс ауылынан да байқадық. Тіпті, Қызылқоға ауданындағы бұрын кеңшар қосы болған ескі үйге газ тартылғанын көріп, қайран қалдық.

   Баруы қиын құм ішіндегі шағын Тайсойған ауылында шағын он жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Жарсуат ауылында типтік жобамен салынған екі қабатты Мәдениет үйі бар.

Басты проблема – ауыз су

Жайық пен Қиғаш өзендерінің деңгейінің арта түсуі облыстың екі ауданын қақ айыра ағып жатқан Жем, Сағыз және Ойыл су артерияларының суын жоғарыда Ақтөбе облысы шаруашылықтарының буып алуы, жерасты тұшы су көздерінің тартылуы, су құбырларының тозуы, кеңестік кезеңде қазылған суару-суландыру жүйелерінің жөндеу көрмеуі, жайылымдық жерлерді суландырудың азаюы облыс экономикасына экология, денсаулық және экономика мәселелерінде елеулі қауіп төндіріп отыр (мал басының 50%-дан түсіп кетуі, ауыл шаруашылығы нысандарының кему қатері бар). Үкімет 2021 жылы бекіткен Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларында егіс алқаптарын 20% көбейту, жайылымдық суару алқаптарын 52,8 %-ға көбейту қарастырылған.

Мұнайлы өлкедегі жұмыссыздық

Жоспарда осы жұмыс көлемін атқару кезінде күтілетін нәтиже ретінде жаңадан 40 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 17,8 % орны тұрақты, қалған 22 мың орын – уақытша, яғни жобалар аяқталғасын жойылады. Осылайша жұмыссыздық санын қазіргі кездегі 17 мың адам мөлшерінен арттырмаса, жайлап кеміте беру – мақсат.    Жоғарыдағы келеңсіздіктен шығудың төте де маңызды жолы ауылдарда экономиканың нақты секторын, соның ішінде мал өсіріп қана қоймай, оның өнімін өңдеп-ұқсатып сататын бөлегін жолға қою. Бүгінде облыста ауыл, орман, балық шаруашылықтары өнімдерінің жалпы көлемі 555 млн теңгені құрайды.

 Бұл, әрине, тіптен мардымсыз ауқым. Үкімет бекіткен жоспарда облыстағы ЖӨӨ көлемін нақты секторды дамыту есебінен 8,9 трлн теңгеге жеткізу көзделген. Бұл жерде нақты сектор «өнеркәсіп, оның ішінде тау-кен өнеркәсібімен құрылыс ісі» деп көрсетілген.

Ауыл шаруашылығы, агросекторды нақты секторға қосу көзделмеген, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша да ауылдардағы кәсіпкерлік көрсеткіштер нақ белгіленбестен, жалпы көрсеткіштерге кіріктірілген. Яғни, осы күйінде облыстың даму жоспары ұлттық экономиканы әртараптандыру, нақты секторды күшейту және ондағы ауыл-селолар алуы тиіс орынды нақты есептеп, сипаттауды тілейді.

 Олай болмаған күнде алдағы уақытша жобалар аяқталғаннан кейін жұмыссыздық бел алып, ауыл халқының қалаға көшу үрдісі күшеюі кәдік.

Гүлмира Асылбекқызы, экономика ғылымдарының магистрі, журналист.

Сондай-ақ оқыңыз