Қазақстан АЭС салғанымен көмірден бас тарта алмайды – сарапшы

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Қазақстан атом электр станциясын салғанымен көмірден бас тарта алмайды. Бұл туралы «Байдильдинов. Нефть» бағдарламасының жүргізушісі, сарапшы Олжас Байділдинов айтты.
Оның сөзінше, АЭС-тің салынуы көмірді тұтынуға әсерін тигізбейді.

«Қазір біз электр энергиясының 10%-ын Ресейден импорттап отырмыз. Егер біз оны алмасақ, аптасына бір күн жарықсыз отырамыз. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде АЭС-тің іске қосылатын уақыты шамамен 2035 жыл болуы мүмкін. Тіпті, бір атом электр станциясының салынуы импортқа тәуелділікті жоя алмайды. Қазір бізге электр энергиясына тапшылықты жою үшін 3 атом электр станциясы керек. АЭС жоқ дегенде 10 салынады. Бұл Қазақстанда көмірдің тұтынуына әсерін тигізбейді», – деді Олжас Байділдинов «Қазақстан көмір өнеркәсібінің келешегі қандай?» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі электр энергиясының 70% көмірден, 20% газдан, 3% жаңартылатын көздерден (ЖЭК), қалғаны – су көздерінен өндіріледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария еткен болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар.

Сондай-ақ оқыңыз