Президент: сирек және шашыранды металдарды іздеуге басымдық беру керек

Жарияланды
Фото: shutterstock

Президент ел Үкіметіне 2026 жылға қарай Қазақстандағы геология тұрғысынан зерттелетін жер көлемін 2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырды. Соның ішінде басымдық сирек және шашыранды металдарды іздеуге берілуі тиіс.

«Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық барлау алаңын қазіргі бір жарым миллионнан кем дегенде 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу. Қазіргі кезде«жаңа мұнайға» теңелетін сирек және шашыранды металдар кен орындарын игеру басым міндеттердің бірі болуы тиіс. Осы саладағы әлеуетін жүзеге асыра алатын елдер бүкіл әлемнің технологиялық даму векторын айқындайды», – деді ол парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшының айтуынша, үкімет өз қаражаты есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін инвесторларға жер қойнауын пайдаланудың басым құқығын беруі керек. Сондай-ақ, кешенді мемлекеттік сараптама және процесті толық цифрландыру арқылы жобаны келісу уақыты мен рәсімдерін екі есе қысқарту жоспарланған.

Президент биыл жыл соңына дейін саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленуі керек деп есептейді.

«Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салық пен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден босатылуы керек. Бұл өңдеу өнеркәсібіне елеулі серпін беруі тиіс іргелі мәселе», – деді ол.

Тоқаевтың пікірінше, 2018 жылы қабылданған геологиялық заңнама толық жұмыс істемеді. Нәтижесінде ресурстарға бай елде айтарлықтай геологиялық жаңалықтар болмады. Сондықтан Президент тау-кен саласын басқару жүйесін тезірек жаңғыртуды тапсырды.

Бұған дейін, үкімет басшысы Әлихан Смайылов жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болатын сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары баяу қарқынмен жүріп жатқанын мәлімдеген еді.

«12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынды. Бірақ, соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз