Жаңалықтар

Халықтың дауыс беруіне шығарылатын мәселенің тұжырымдамасы анықталуы керек – Энергетика министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумда шешіледі деді. Президент мәлімдемесінен соң, Энергетика министрлігі бұл істі егжей-тегжей пысықтап жатырмыз деген ақпарат таратты.

«Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар, Парламент депутаттары, осы саладағы сарапшылар және қоғам белсенділерімен бірлесе, жақын арада Президенттің тапсырмасын іске асыру бойынша барлық мәселелерді жан-жақты қарап, өзге де аспектілерді пысықтайды және бұл жұмыстар туралы жұртшылықты ақпараттандыратын болады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, халықтың дауыс беруіне шығарылатын мәселенің тұжырымдамасы анықталуы керек. Референдум өткізу мерзімі туралы қосымша хабарланады.

«Менің ойымша, референдум бірінші кезекте қазақстандықтардың осы саладағы технологияларды дамыту қажеттілігі туралы ойларын айтуларына бағытталады, ал Үкімет өз тарапынан қоғамға қолайлы шешімдерді ұсынады», – дейді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ-та Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты тыңдау өтіп, нәтижесінде тұрғындар атом электр станциясын салуды қолдап, соңғы шешімін айтты деген бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.

АЭС салу бойынша Үлкен ауылындағы алғашқы қоғамдық талқылау 22 тамыз күні өткен болатын.