Жаңалықтар

Мемлекет 1,5 трлн жұмсаған Jusan банк-ті Есенов мемлекет меншігіне қайтара ма?

Jusan Bank
Фото: Jusan Bank

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевқа «Elge qaitaru» қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержанов өзінің әлеуметтік парақшасында хат жолдап, болашақта «Ғалымжан Есенов Jusan банк-ті мемлекетке қайтара ма?» деген сауал тастады.

«Вашингтоннан (АҚШ) «Elge Qaitaru» Қоғамдық қорының электрондық поштасына құжат жобасы келіп түсті, біз сізбен осыған байланысты хабарласып отырмыз, өйткені құжатта активтерді қалпына келтіруге қатысты маңызды нәрселер бар. Бізге Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Д.Ваисовтың, «Jysan Holding» LLC (JH), Jusan Technologies LTD (JTL), New Generation Foundation Inc (NGF) және Қазақстан Республикасының азаматы Ғалымжан Шахмарданұлы Есеновтің аты аталған Негіздемелік келісімнің жобасы келді. Бұл құжатта «2023 жылдың 5 маусымы» деген мерзім көрсетілген. Алайда онда тараптардың қолы мен мөрлерінің болмауына байланысты оны толыққанды құжат деп санауға болмайтын секілді», дейді қор басшысы.

Оразалы Ержановтың айтуынша, бұл Негіздемелік келісімде қарастырылған іс-шаралардың барлығы дерлік жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында Jusan банкінің акцияларына қатысты прокуратураның талап арызы бойынша азаматтық іс тоқтатылған және Jusan банктің басқа да активтері Ғ.Есеновтің меншігіне берілген.

Осыларды тізбектей келе қор басшысы министрге бірнеше маңызды сұрақтар қойған.

«Аталған негіздемелік келісімге қол қойылды ма? Негіздемелік келісімге Қазақстан Республикасы қол қойды деген болжам негізінде келесі сұрақтар тұжырымдалатын болады. Негiзгi келiсiмнiң мәтiнiнде Jusan Techologies LTD және Ғалымжан Есенов арасында параллель қол қойылған Есеп айырысу және босату туралы келiсiм туралы айтылады. Осыған байланысты Келісімде бүкіл транзакцияның барлық қаржысына қатысты мәліметтері көрсетілген деген болжамды нақтылау үшін деректерді министрліктің веб-сайтында жариялай аласыздар ма?» дейді қор төрағасы.

Автордың айтуынша, мемлекет «Цеснабанк» пен «АТФ» банкті құтқаруға 1,5 триллионға қаражат жұмсаған. Осы орайда мемлекет бұл қаражатты Jusan банкке тегін бере отырып, банкті 32 позиция бойынша басқа активтерімен бірге АТФ банктің бұрынғы иесі Ғалымжан Есеновтің меншігіне беруі қаншалықты заңды екенін сұрайды.

«Өздеріңіз білетіндей, аталған банктерді құтқаруға бөлінген мемлекет қаражатынан Назарбаев Қорына қатысы бар Jusan Bank-тің бұрынғы иелеріне дивидендтер заңсыз төленген. Сонымен бірге Негіздемелік келісімде 230 миллиард теңге көлемінде төленген дивидендтің қазір Ғалымжан Есеновке беріліп жатқан мүлікті төлеуге жұмсалғаны айтылады. Берілген мүліктің төлемін растайтын тиісті келісімдер мен қаржылық және банктік құжаттар бар ма? Бұл алынған дивидендтерді қайтармаудың төте жолы емес пе?» дейді Ержанов.

Ол сондай-ақ Әділет министрінен мұндағы Қазақстанның мүддесі қандай екенін сұраған.

«Осы негіздемелік келісімнің қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының мүддесі қандай болмақ? Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның болашақ мүшесі ретінде 32 позиция бойынша Jusan банкті басқа активтерімен бірге иеленген Ғ.Есеновтың банкті мемлекеттің меншігіне өткізу мәселесін көтересіздер ме?» дейді «Elge Qaitaru» қорының төрағасы.

Бұл хатты автор E-otinish платформасы арқылы ресми түрде жолдаған. Бүкіл қазақстандықтар үшін қызық бұл сұраққа Әділет министрлігі не деп жауап беретінін күтеміз.