Президент жарлығымен елімізде бес министрлік құрылды, төрт министр лауазымынан босады

Жарияланды
Фото: Ақорда

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар аясында жаңа министрліктер құрылып, кейбір министрліктер қайта құрылымдалады. Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Қаулыға қол қойды.

Осылайша елімізде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі; Көлік министрлігі; Туризм және спорт министрлігі; Мәдениет және ақпарат министрлігі; Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.

Осыған байланысты Марат Қарабаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымынан, Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымынан; Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі лауазымынан; Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп шықты. Оған су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді.

Көлік министрлігі: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыреті екіге бөлінді. Ведомстваның көлік түрлеріне қатысты құзыреттері осы аттас министрлікке берілді.

«теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі; сауда мақсатында теңізде жүзу салаларындағы; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі; аэронавигация мен әуежайлардың көрсетілетін қызметтері саласындағы табиғи монополиялар; әуежайлардың көрсетілетін қызметтері саласындағы қоғамдық маңызы бар нарықтар; автомобиль жолдары саласындағы функциялар мен өкілеттіктер беріле отырып, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне», делінген құжатта.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне төмендегідей құзыреттер беріледі:

индустрия және индустриялық даму;
өнеркәсіп; тау-кен металлургия кешені;
елішілік құндылықты дамыту;
машина жасау;
көмір, химия, жеңіл (ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін қайта өңдеуден басқа), ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі;
құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру;
машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі;
салалық бағытқа сәйкес химиялық өнімнің қауіпсіздігі; өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау;
энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру; бағалы металдар өндірісін және бағалы металдар мен асыл тастардың айналымын реттеу;
құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары;
зергерлік және басқа да бұйымдар; арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы;
уран өндіруді қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бөлігінде жер қойнауын пайдалануды мемлекеттік басқару;
жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасын молайту салаларындағы;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі;
тұрғын үй қатынастары; коммуналдық шаруашылық;
елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын жылу электр орталықтары мен қазандықтардан басқа) саласындағы мемлекеттік реттеу; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу;
қорғаныс өнеркәсібі; бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізуге қатысу; әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді.

Мәдениет және ақпарат : Ақпарат және қоғамдық министрлігі оған Мәдениет және спорт министрлігінен мәдениет; тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану; кинематография; мемлекеттік рәміздер; архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету; электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер салаларындағы; ономастика; креативті индустриялар және шығармашылық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді бере отырып қайта құрылды.  

Туризм және спорт министрлігі: Мәдениет және спорт министрлігінен қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылды.

«Қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органдар берілетін функциялар өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттемелерінің құқық мирасқорлары болып айқындалсын», делінген қаулыда.

Үкімет Президент Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөледі.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы №6 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:

1-тармақта:

мына: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі;»;

мына: «Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;» деген жол алып тасталсын;

мына: «Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;»;

мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын: «Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі; Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі; Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.».

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз