Қазақстанда Көлік министрлігі қайта құрылады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстанда көлік министрлігі қайта құрылады. Бұл жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында айтты.

«Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Қазір әсеке күшейіп тұрғанын, осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керектігін айтқан ол ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастықты жалғастыра бермек.

Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің маңызды бағыттарының бірі – Транскаспий транзиттік жолының перспективасы жоғары екенін атап өтті.

«Транскаспий жолы транзиттік әлеуетімізді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада бұл дәліз бойынша көлік көлемін бес есеге арттыруға болады. Ол үшін серіктес елдер – Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Түркия елдерімен күш біріктіруіміз керек. Бақты өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнерлік тораптың құрылысын жеделдету, Орта дәліз бойымен Қара теңіздегі порт нысандарын кеңейту жоспарлануда. Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысы басталды», деді ол.

Көлік әлеуетін іске асыру еліміздің барлық көршілес елдермен, соның ішінде Ресеймен, Қытаймен, Орталық және Оңтүстік Азиядағы көршілерімізбен сындарлы және тату көршілік қарым-қатынасымызға байланысты екенін айтқан президент:

«Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет. Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс», деді.

Президент бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы керектігін айтты. Ол үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізіліп, жеке инвестицияны көптеп тарту керек.

«Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады», деді президент.

Бұл мәселеге президент баса назар аударатынын айтты. Осы орайда бақылау күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдануы да мүмкін. Ал 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.

«Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз