Жаңалықтар

Танкерлерді көбейту – компанияның органикалық өсімі – Мағзұм Мырзағалиев

Фото: Ашық дереккөздерден

«Қазмұнайгаз» АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан танкерлер санын не себепті көбейтіп жатқанын түсіндірді.

«Танкерлерді көбейтудің себебі не, Ресейден өтетін құбырларға тәуелді болмау үшін қажет пе?» деген журналистің сұрағына компания басшысы былай деп жауап берді.

«Мәселе онда емес. Жалпы Қара теңізінде 30 жылда «Теңізшевройл» тек қана өзінің танкерлерімен мұнаймызды тасымалдайтын. Яғни «Теңізшевройлдан» шығатын мұнай «Шеврон танкерспен» тасымалданатын. Біз биылдан бастап, «Теңізшевройлмен» тиісті келіссөздер жүргізіп, өзіміздің танкерлерімізді қойдық. Яғни бұл диверсификация ғана емес, бұл – өзіміздің экономикамыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашу. Сонымен қатар жеке меншік инвесторлар «Қазмұнайгаздың» капитализациясын арттыруды көздейді», дейді ҚМГ басшысы.

Ол сондай-ақ танкерлердің көбеюін Украинадағы соғысқа еш қатысы жоқ екенін, бұл компанияның органикалық өсімі екенін айтты.

Осыған дейін Bloomberg Қазақстанның «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясының Ресейді айналып өту үшін теңіз арқылы мұнай тасымалдауға танкерлер сатып ала бастағанын жазды.

Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін Қазақстан әрқайсысының дедвейті 80 мың тонна болатын «Taraz» бен «Liwa» танкерлерін сатып алды. Ал енді компания Қара теңіз арқылы тасымалдау үшін тағы екі танкерді сатып алу жоспарлап отыр.