Тоқаев: банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті

Жарияланды
Жолдау
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Айтуынша, былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Президенттің пайымынша, бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр.

«Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, банктердің тұтынушылық несиеге басымдық беруі азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұл мәселені біршама реттегенімен ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Осы орайда Президент Үкіметке «Amanat» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені көтергенінің арқасында Былтыр банктердің таза пайдасы 1,5 трлн теңге,биылғы жарты жылдықта 1 трлн теңгеден асып кеткеінен назар аударды.

«Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын сұраймын», деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз