Жаңалықтар

2,5 пайызбен микрокредит беру шарттары жеңілдетілді

Фото: kursiv.media

Жастарға жеңілдетілген микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Бұл жайлы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – кез келген мақсатқа 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды» делінген хабарламада.

Оған сәйкес несие алуға ниетті азаматтарда кепілге қою мүмкіндігі көбейеді. Атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты, республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік, жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері, бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері, мамандандырылған техника кепілге қоюға жарамды.

Ал микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары мен тәсілдері тапсырма шартында белгіленеді. Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпаратпен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сайтында танысуға болады.