Президент Қанат Бозымбаевты өзінің кеңесшісі етіп тағайындады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қанат Бозымбаев мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

«Мемлекет басшысының өкімімен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды», делінген хабарламада.

Қанат Алдабергенұлының соңғы ресми лауазымы – Алматы облысының әкімі еді. 2022 жылдың маусым айында әкім қызметінен босатылды.

1969 жылы дүниеге келген Қанат Бозымбаев Алматы қаласының тумасы. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» факультетін 1993 жылы бітірген. Еңбек жолын экономист ретінде бастаған. 1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі болды.

1998 – 2000 жылдар аралығында Энергетика, индустрия және сауда министрлігі мұнай және газ департаментінің басшысы қызметін атқарды.

Бозымбаев 2000 жылдары Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болған. 2001 жылы «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, 2001-2007 жылдары «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті, 2007 – 2008 жылдары «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. 2009-2013 жылы Жамбыл облысын басқарса, одан кейін Павлодар облысының әкімі болды.

Одан кейінгі жылдары Энергетика министрі, Президент көмекшісі, Алматы облысының әкімі қызметін атқарған.

Бұған дейін Президент жаңадан құрылған Су министрлігін басқаруды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовке тапсырған болатын.

Ал СҚО әкімі Айдарбек Сапаровты Ауыл шаруашылығы министрі етіп тағайындады.

Сондай-ақ оқыңыз