Жаңадан құрылған Су министрлігін басқару Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовке тапсырылды

Жарияланды
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұржан Нұржігітов

Жамбыл облысын басқарған Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.

Мансап

Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар аясында жаңа министрліктер құрылып, кейбір министрліктер қайта құрылымдалды. Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Қаулыға қол қойған болатын.

Осылайша елімізде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз