Жаңалықтар

Жоғарғы сот шешімі: Құлыбаев заңсыз иеленген жанармай қоймаларын ҚТЖ-ға қайтарады

Фото: kursiv.media

Жоғарғы сот Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаевтың «Торговый дом «ТЭК-КАЗАХСТАН» компаниясы иелік ететін, заңсыз жекешелендірілген жанармай қоймаларын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтару туралы шешім шығарды.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2002 жылғы 20 маусымдағы қаулысы, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2002 жылғы 7 тамыздағы шешімі (жекешелендіру мәмілесін заңды деп тану туралы) бұл жағдайда күшін жою керек. Іс бойынша Оңтүстік-Шығыс облыстық көлік прокурорының талап арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын. 2001 жылғы 5 қарашада «ҚТЖ» РМК мен «ТЭК-Алматы» ЖШС арасында жасалған материалдық-техникалық отын қоймаларын сату-сатып алу мәмілесі жарамсыз деп танылсын», делінген Жоғарғы Соттың 2023 жылғы 21 шілдедегі қаулысында.

Жоғарғы сот Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығын қанағаттандырған. Ал шешімін жойған мәміле бойынша материалдық-техникалық жанармай қоймалары небары 91 768 028 теңгеге сатылған.

«Үкіметтің 1997 жылғы 31 қаңтардағы № 129 қаулысымен темір жол көлігін басқару құрылымын қаржылық-экономикалық жетілдіру және оңтайландыру мақсатында республикалық мемлекеттік кәсіпорындар («Алматы темір жолы басқармасы», «Целинная темір жол басқармасы», «Батыс Қазақстан темір жолы басқармасы») шаруашылық жүргізу құқығындағы «ҚТЖ» РМК біріктіру арқылы қайта құрылды. Көлік және коммуникация министрлігі «ҚТЖ» РМК мемлекеттік басқару органы болып, сондай-ақ оған қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функциялары болып тағайындалды. 2001 жылдың 5 қарашасында «ҚТЖ» РМК «ТЭК-Алматы» ЖШС-нің келісім шарты бойынша 91 768 028 теңгеге материалдық-техникалық жанармай қоймалары сатылды», делінген құжатта.

Қадағалаушы орган бұл мәміленің заңсыз екенін сол кезде де көтеріп, даулауға тырысқан. Алайда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2002 жылғы 20 маусымдағы шешімімен прокуратураның мәмілені жарамсыз деп тану туралы талабын негізсіз деп таныған. 2002 жылғы 7 тамызда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да екі апта бұрын шығарылған сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Содан кейін Бас Прокурор осы сот актілерін қайта қарауды, соттардың заңды түсіндіру мен қолдануындағы біркелкіліктің бұзылуын көрсете отырып, істі жаңадан сот талқылауына жібереді.

Нәтижесінде Жоғарғы Сот алқасы жергілікті соттарда істі қарау кезінде материалдық құқық нормалар және оларды қолдануда біркелкіліктің бұзылғанын анықтап, мемлекет мүддесі бұзылды деп таниды. Бұл өз кезегінде заңсыз сот актілерін шығаруға әкеп соқтырған.

«Іс дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, сот алқасы аталған талапты қанағаттандыру туралы (мәмілені жарамсыз деп тану туралы) жаңа шешім қабылдаумен іс бойынша шығарылған сот актілерінің күші жойылуға жатады деп есептейді», делінген құжатта.