Мұнай бағасы барреліне 89 долларға жетті: сарапшылар шынайы баға 70-80 доллардан аспайтынын айтуда

Жарияланды
Страны, не входящие в ОПЕК, увеличат добычу нефти

4 қыркүйек күні мұнай бағасы рекордтық өсім көрсетті. Brent маркалы «қара алтынның» баррелі 89 долларға жетті. Бұл 2023 жылдың қаңтарынан бері ең жоғары көрсеткіш. Әлемдік сарапшылар шикізат құны барреліне 100 долларға жетуі мүмкін деген жағымды болжамдарымен бөлісуде. Алайда «Байдильдинов. Мұнай» бағдарламасының жүргізушісі, сарапшы Олжас Байділдинов мұнайдың шынайы бағасы 70-80 доллар аралығында деп есептейді.

Сарапшының айтуынша бағаның өсуіне айтарлықтай ықпал ететін факторлар жоқ.

«Бірақ көптеген сарапшылар 100 доллар көрсеткішіне жетеді деп болжауда. Олардың пікірінше, оған ОПЕК+ және жалпы мұнай өндірісінің қысқаруы ықпал етті. Алайда Қытайдағы экономикалық өсім қарқыны баяулауы және басқа да өңірлердегі жағдай шынайы баға мұндай емес екенін көрсетеді. Меніңше, «қара алтын» бағасының шынайы диапазоны барреліне 70-80 доллар», – дейді Олжас Байділдинов

Оның пайымынша алдағы айларда өзгерістер болуы мүмкін. Себебі қазір шикізат құнына геосаяси жағдайлардан бастап, көптеген факторлар ықпал етеді.

«Бірақ теңге бағамына бұл мүлде ықпал етпейді. Бұл факторлар туралы ылғи айтамын. Мұнай бағасы ұзақ мерзімді келісімшарттарға байланысты. Компаниялар оның ақысын айлық орташа котировкалар бойынша алады. Біздің бюджетімізге бұл ауытқулар әсер ете қоймайды. Қазір теңге бағамы мұнай котировкаларымен емес, Үкімет қарызы және жылдан жылға өсіп келе жатқан бюджет тапшылығымен анықталады. Сондықтан теңге бағамына мұнай бағасы ықпал етпейді», – деді мұнай-газ саласы бойынша сарапшы.
Айта кететіні, сейсенбі күні таңертеңгі саудада мұнай бағасы соңғы айлардағы ең жоғары деңгейге жетті.

Лондондық ICE Futures биржасында Brent маркалы қараша фьючерстерінің баррелі 88,96 долларды құрайды, бұл алдыңғы сессияның жабылуындағы көрсеткіштен 4 центке (0,04%) төмен. Дүйсенбіде бұл келісімшарттар бір баррель үшін 0,45 долларға (0,5%) төмендеп, 89 долларды құрады.

Нью-Йорк тауар биржасының (NYMEX) электрондық саудасында қазан айындағы WTI мұнайына фьючерстердің бағасы белгіленген уақытқа 41 центке (0,48%) өсіп, барреліне 85,96 долларды құрады. Дүйсенбіде негізгі сауда-саттық АҚШ-тағы мерекеге байланысты (Еңбек күні) өткізілмеді.

Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, «қара алтынның» бағасына ОПЕК+ елдерінің өндірісті қысқарту шараларын ұзарту туралы күтулері ықпал етіп отыр.

Бұған дейін Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак Ресей мен мұнай келісімінің басқа қатысушылары әлемдік нарыққа жеткізілімдерді қысқарту туралы тағы бір келісімге келгенін айтқан. Келісімнің негізгі шарттары осы аптада белгілі болады.

Бұған қоса, Сауд Арабиясы өз еркімен өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельге қысқартуды қазан айына дейін ұзартуы мүмкін. Осы фактор инвесторлардың көңіл-күйіне әсер етуде.

Сонымен бірге, трейдерлердің болжамынша АҚШ Федералдық резервтік жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді көтеру циклін аяқтауға жақын. Бұл да нарықтағы оптимизмді күшейтеді, мұнай сияқты ресурсқа инвесторлардың сенімді арттырады. Нәтижесінде сұраныс артып, баға өседі.

Сондай-ақ оқыңыз