Рахат Әлиев құрған монополия Қазақстанның қант нарығын құрдымға батырды ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Жетісу облысының шаруалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Оларды еліміздегі қант шаруашылығының тағдыры алаңдатады. Фермерлердің айтуынша, қант зауыттары монополияланған.

Жетісу облысының фермерлері «Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алатынын айтады. Ал нарыққа қымбатқа шығарады.

«Мен 22 жыл бойы қант қызылшасымен айналысып келемін. 2017 жылға дейін мен ешбір қарыз немесе несиесіз өз техникамды жаңалап тұруға мүмкіндігім болды. Ал соңғы бес жылдан бері мен жұмысшылардың жалақысын әрең төлеймін. Ал техникаға ақша қалмайды. Шаруалардың табысын зауыт жеп жатыр. Олай деуімнің себебі 2004 жылдары біз зауытпен келісімшартқа отырғанда, өңделген қанттың 70 пайызын біз, 30 пайызын зауыт алатын. Ол кез өте қиын болғанын білесіздер. Бірақ соған қарамастан зауыт 400 млн теңге салық төлеп отырды. Ол кезде мазут та қымбат болған. 2 жылдан бері зауыт модернизацияланып, газға көшті. Газ мазуттан 3-4 есе арзан. Бірақ бағаларға ол ешқандай әсе етпеді. Зауыт шаруаларға төлейтін ақшасын арзандатып жіберді. Мәселен 2015 жылы бір тонна қант қызылшасына 12 мың төлейтін. Ал 2016 жылы 17 мың төлеген. Ал 2022 жылдан бастап 15 мыңнан төлеп жатыр. Ол жылдары қант дәл қазіргідей қымбат болмағанын білесіздер. Ал қазір қант қымбат, бірақ соған қарамастан зауыт бізден шикізатты өте төмен бағамен сатып алады. Қазіргі табыс бөлінісі бойынша қант зауыты өңделген өнімнің 70 пайызын алады да, қалған 30 пайызын ғана шаруаларға береді», дейді Жетісу облысы бойынша «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» кеңесінің мүшесі Александр Квитко.

Зауыт қойған бұл баға фермерлер үшін тиімсіз. Мұндай үрдіспен 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін болмайтынын айтады фермерлер. Жалпы Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты ғылыми негізделген зерттеу жүргізіп, 2022 жылы қант қызылшасы тоннасына 25000 теңгеге бағалануы керек деген шешім шығарған. Яғни зауыт шаруалардан өз бағасынан әлдеқайда төмен бағада шикізат сатып алады. Оған қоса фермерлер зауыттарды жаңғыртуға жұмсалған қаражаттың өзін ақтамағанын айтады.

«Бұрын зауыт ескі болды. Сол себепті бір тонна қант қызылшасынан 12 пайыз ғана өнім алынатын. Ол кездегі қызылша дәні де сондай сапалы болған жоқ. Ал қазір біз өте сапалы, еуропалық тұқымдарды егіп жатырмыз. Олардан түсетін өнім де жақсы болуы тиіс. Зауыттың жаюдықтары да замануи. Тиісінше, алынатын өнім сәл өсуі керек еді ғой. Алайда модернизацияланған зауыт сапалы еуропалық тұқымнан да небары 12 пайыз өнім шығарады. Ал Ресей зауыттары бізден оқ бойы озық тұр. Олардың можернизацияланған зауыты қазір бір тоннадан 17 пайыз өнім шығарады», дейді Квитко.

Түсініксіз субсидия

Сонымен бірге еңбегі су тегін бағаланатын шаруалар Бразилиядан келетін қымбат шикі қантты мемлекеттің не себепті субсидиялайтынын түсінбейді. Яғни осы жылы үкімет қант зауыттарына шикізат сатып алуға 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлген. Зауыттар бұл қаражатқа шаруалардан 2015 жылғы нарық бағасымен шикізат сатып алумен қатар, Бразилиядан келетін шикі қантты одан үш есе көп бағада сатып алады. Сонда бразилиялық қанттың құны мемлекет үшін 460 теңгеге шығады екен. Ал Ресейден өңделген қант 320-330 теңге көлемінде келеді. Осында мынадай сұрақ туындайды, мемлекет неге жақын тұрған көрші елден өңделген арзан қант сатып алмай, қымбатқа Бразилиядан шикі қант алады?

«Неге бізге бразилиялық фермерлерге қарағанда 3 есе, ал қырғыз фермерлеріне қарағанда 2 есе аз қаражат төленеді? Неліктен шикі қант Нью-Йорк биржасында емес, офшорлық компаниялардан сатып алынады?» деп ашынады шаруалар.

Оның үстіне соңғы кезде Ресейден кіретін арзан қантқа тыйым салу мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл мәселені шаруалар емес, осы зауыттардың иесі «өз мүддесі үшін көтеріп жатыр» дейді шаруалар. Фермерлер бұл зауыттар халықтың емес, алпауыттардың мүддесі үшін жұмыс істеп тұр деп санайды. Өйткені қазақстандық шаруалардың қант қызылшасын өткізетін басқа жері жоқ екенін білген соң, зауыт қорықпастан монопологиялық баға ұсынып отыр. Осы орайда монополияға қарсы агенттік неге қадағаламайды деген сұрақ туындайды. Шаруалар бұл ведомствоға да жүгінген. Алайда агенттік қант зауыттары монополистер тізімінде тұрмағанын, сол себепті тексеруге құзыреті жоқ екенін айтқан. Яғни зауыт 8 жыл бұрынғы нарық бағасымен қазақстандық шаруалардан шикізат сатып алып, оны қазіргі нарық бағасымен зауыттан шығарса да, монополист саналмайды екен. Жалпы бәрі осы монополиядан басталған.

Сіз кімсіз «Х» мырза?

Қант нарығын 2005 жылы Рахат Әлиев монополиялап алады. Ол сотталғаннан кейін мүлкі тәркіленеді. Тәркіленген мүлік заң негізінде мемлекет меншігіне өтуі керек болған. Бірақ қант зауыттары «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС-не беріледі. Оған Қазақстандағы барлық маңызды қант активтері біріктіріліп, «Кант» АҚ, «Алматы Қант» АҚ, «Алматы Қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ осы ЖШС-не өтеді. Ал оны бақылау Ахметжан Есімовтің күйеу баласы – Ғалымжан Есенов басқарған Delta Bank-ке беріледі. Бұл құбылмалы кезеңде қант қызылшасын отырғызу мүлдем тоқтап қалады. Ал 2017 жылдан бастап қант зауыттары Нұрлан Төлебаевқа беріліп, мемлекеттік субсидиялар есебінен Жетісу облысының қант саласын қайта жандандыруға мүмкіндік туған. Бірақ Нұрлан Төлебаев айыпталып, 2019 жылы сотталады да, зауыт белгісіз адамдардың қолына өтеді. Ол белгісіздік әлі де сақталған. Шаруалар бұл зауытқа кімнің иелік ететінін білмейді.

«Бүгінгі күнге дейін фермерлер қант зауыттарының шынайы иесі кім екенін білмейді, дегенмен олар бұл мәселені бірнеше рет әртүрлі деңгейде көтерді. Нәтижесінде қант тапшылығы пайда болды және қант бағасының бақылаусыз өсуі байқалды, қант зауыттары артық пайда тапты. Бұл ретте қант зауыттары монополиялық жағдайға ие бола отырып, қант қызылшасын сатып алуға біржақты шарттар жасады. Шарттың талаптары бойынша фермерге біржақты тәртіппен айыппұл санкциялары қолданылады. Бұл келісім қант зауыты басшылығының фермерге деген шынайы көзқарасын көрсетеді. Ал монополияға қарсы комитет олардың қызметіне араласпайды, олар монополистер тізілімінде жоқ, яғни ресми түрде Қазақстандағы қант нарығында монополия жоқ деп мәлімдейді», дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының академигі, «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Асқар Шәріпов.

Шаруалар зауыттың қожайынымен кездесуге талай рет өтініш білдірген. Естір құлақ болса, өз жағдайларын түсіндіріп жеткізгісі келген олар, қожайынмен бұл мәселені жеке отырып талқылағысы келген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Облысқа сол кездегі Ауыл шаурашылығы министрі қарашөкеев келгенде де, қожайынмен кездесуді сұраған. Бірақ одан да еш нәтиже шықпапты.

Иесіз қант зауыты һәм құрдымға кеткен 4 зауыт

Біз де қызығушылық танытып, қант зауытының кімге тиесілі екенін нақтылау үшін ашық деректерден тексеріп көрдік. Расында, Егов порталындағы анықтамалықта оның құрылтайшысы жоқ. Құжатта заңды тұлғаның уәкілетті органымен тағайындалған басшысы Абатов Алтынбек деп тұр. Яғни құжаттан ұққанымыз зауыт басшысын тағайындайтын біреу бар, әйтеуір.

Осындай құбылмалы кезеңде Қазақстан 4 бірдей зауытынан айырылған. Қант монополистері Қазақстанның төрт ірі қант зауытын, атап айтқанда Алакөл, Бурундай, Қарабұлақ және Шу зауыттарын жойған. Мысалы, Қарабұлақ қант зауыты 2007 жылға дейін тәулігіне 900 тоннаға дейін қант өндіріп, республиканың қажеттілігін 70%-ға жауып отырған. Бірақ ол жабылып, ізі де қалмаған. Ал қазіргі таңда отандық шикізаттан дайындалған қанттың үлесі респбулика бойынша небәрі 7%-ды ғана құрайды.

«2005 жылға дейін бұл зауыттар акционерлік қоғам болды. Ол кезде не субсидия не дотация алмайтын. Бірақ соған қарамастан еліміздің бюджетін толтырып отырды. 2005-2006 жылға дейін Қазақстан қантты артық өндіріп, Ресей мен Украинаға экспорттайтын болған. Бірақ сала монополияға өткен соң, жағдай күрт өзгерді. Біз шаруалар, Рахат Әлиевтен кейін мемлекеттің бұл зауыттарды өз меншігіне қайтармағанын түсінбейміз. Зауыттарды жәй ғана Есімовтің компаниялар тобына бере салған. Бюджеттен миллиардтаған қаражат жұмсалды. Жұмсалып та жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Елімізде қант сол күйі жоқ. Импортқа тәуелдіміз. Мәселен, Қырғызстанды алар болсақ. 1980 жылдары ол жерде жағдай дұрыс болмай, зауыттары жабылып қалады. Ал 2000 жылдан бастап зауыттарды қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып, 3 зауытты қайта жандандырған. Құрғақшылыққа көп тап болатын Өзбекстан мен Түркменстанда да зауыттары дамып жатыр. Ал бізде 8 зауыт болған. Қазіргі таңда 4 зауыт темір терсекке өтіп кеткен. Біле білсеңіз, бұл зауыттар өте қиын кезеңде салынған. 1932-1934 жылы іргетасы қаланған зауыттар бар елімізде. Ал жаңадан зауыт салуға 350 млн еуро қаражат керек. Ондай инвесторлар табу қиын. Сол себепті біздің мақсат еліміздегі зауыттарды сақтап қалу, қант қызылшасы шаруашалықтарын сақтау» , дейді «Рахимов» шаруа қожалығының басшысы Рахым Кәрімов.

Сала мамандарының Президентке жасаған ұсынысы

Осыған байланысты шаруалар президентке өз тараптарынан мынадай ұсыныс енгізуді сұрайды:

  • Қант зауыттарын мемлекет меншігіне алу, содан кейін акционерлендіру, яғни елдің қант зауыттарына бұрынғы мәртебесін қайтару – Рахат Әлиев саланы монополияландырғанға дейінгі жағдайдағыдай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жарғылық қорындағы меншік үлесі бар «акционерлік қоғам». Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қант зауыттары осылай жұмыс істейді: Ресей, Беларусь, Қытай, Түркия, АҚШ, Германия және басқалар;
  • Ғылыми негізделген есептеуге сәйкес зауыттардың қант қызылшасын сатып алу бағасын ұлғайту;
  • Монополистер тізіліміне қант зауыттарын енгізу және ҚР заңдарына сәйкес 18.03.2023ж. қол қойылған келіспеушіліктер хаттамасын ескере отырып, сатып алу шарттарын қайта жасасу;
  • Шикі қантқа баж салығын енгізу.

«Қант зауыттары басшылығының қабілетсіздігі мен пайдаға деген құштарлығы қант қызылшасы егістігінің көлемін азайтуға алып келді. Қызылша қант саласын жандандыруға бағытталған барлық күш-жігеріңізге қарамастан, саланы қолдау мәселелері өте баяу алға жылжуда, бұл оның одан әрі өмір сүруіне қауіп төндіреді. Мұның себебі – қазіргі иелері. Сондықтан, жоғарыда айтылғандардың негізінде, қант саласын сақтау және әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында Жетісу облысының ауыл фермерлері сізге осындай ұысыныспен жүгінді», делінген шаруалардың Президентке жолданған ашық хатында.

Сондай-ақ оқыңыз