Тағы бір экс-министр әкім болды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ауыл шаруашылығы министрі болған Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Президент жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

«Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалсын», делінген жарлықта.

Облыс әкімі лауазымына Нұрбол Жүнісбеков пен Ербол Қарашөкеевтің кандидатурасы ұсынылған. Ашық дауыс беру қорытындысына сәйкес, 142 депутат Е. Қарашөкеевтің кандидатурасын қолдады. 47 депутат Н. Жүнісбековті қолдап дауыс берген.

Қарашөкеевтің қызмет жолы

Ербол Шырақпайұлы 1976 жылы Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, экономика бакалавры және магистрі. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігі Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған. 

Әр жылдары Қаржы министрлігінде, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК, «ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты» ЖШС, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да басшылық қызмет атқарды.

2019-2021 жылдары «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарма төрағасы болса, 2021 жылы ҚР Қаржы вице-министрі қызметін атқарған.

Президент Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығымен ҚР ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. 2022 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Үкімет толық құрамда отставкаға кеткені белгілі. 2022 жылдың 11 қаңтарында Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалып, 2023 жылы 2 қыркүйекте Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатылды.

Президент Жамбыл облысының экс-әкімі Нұржан Нұржігітовке жаңадан құрылған Су министрлігін басқаруды тапсырған еді.

Сонымен қатар Ішкі істер министрі болған Марат Ахметжановты Ақмола облысының әкімі етіп тағайындады.

Астана әкімінің кеңесшісі болған Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне келді.

Сондай-ақ оқыңыз