ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов билік тиісті шешім қабылдаған жағдайда, биыл атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдум өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
«Біз барлық қажетті дайындық жұмыстарына дайынбыз, соның ішінде сайлаушылар тізімін жасауға және біздің аумақтық сайлау комиссиялары атқаруы тиіс жұмыстарға дайынбыз», деді Өтемісов.
Ол референдум өтетін уақытты нақтыламады, бірақ Қазақстан билігі референдум өткізу туралы шешім қабылдаса «ОСК-ның толық дайын» екенін айтты.
1 қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі бола отырып, өзінің ядролық генерациясы болуы керек.
Зерттеулердің нәтижесінде АЭС салуға ең қолайлы аймақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Сол мақсатта ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізілді. Бірақ ол жиналыста қоғам пікірі екіге бөлінді.
Атом электр станциясы жұмыс істейтін болса, оған көп мөлшерде су қажет. Мамандар ол мақсатта Балқаш көлінің суын пайдалануды ойластырып отыр. Алайда бұл
Эколог Мэлс Елеусізов АЭС Балқашты өлтіретінін айтты.
«Мен бұрыннан экология мәселесімен айналысып жүрмін. Балқаштың орташа тереңдігі небары 6 метр ғана. Қазіргі уақытта көлдің жағдайы өте нашар. Оның деңгейі қалыпты түрде төмендеп келеді. Атом станциясы жұмыс барысында жылу шығарады. Ол жылу Балқаш көлінің суымен суытылады. Нәтижесінде Балқаш өледі. Барлық тіршілік атаулы өледі. Түсінесіздер ме? Мен Үлкен ауылының жағдайын түсінемін. Бірақ бұл ауылда басқа да зауыт салып, жұмыспен қамтуға болады. Біз мұнда АЭС салу мәселесін емес, Балқашты құтқару мәселесін ойлауымыз керек. Өдеріңіз де білесіздер Қазақстан мұздықтарының 44 пайызы еріп бітті. Іле өзені жақын арада суалып, Балқашқа су жеткізе алмай қалады», деді.
Қазақстанда АЭС құрылысы жобасын халықаралық инвесторлар пулы жүзеге асырады деп жоспарлануда. Еліміздің Энергетика министрлігінің мәліметінше, жұмыс 10 жылға дейін созылуы мүмкін, бір энергоблоктың құны орта есеппен 5 млрд долларды құрайды.