Президенттің баспасөз хатшысы өзгерді. Ол лауазымға «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде басшылық қызмет атқарған Нұрмұхамед Исманұлы Байғараев тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрмұхамед Байғараев «Болашақ» бағдарламасы арқылы 2017 жылы Ұлыбританияның Ланкастер университетінде білім алған (MSc of Project Management).
Бірқатар баспасөз басылымдары мен электронды БАҚ-та жұмыс істеген, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» басылымында бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.
Әртүрлі жылдарда «Хабар», «Qazaqstan» телеарналарында продюсер, сценарист және жүргізуші ретінде еңбек етті. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ сараптама және стратегиялық даму департаментінің директоры және «Қазақ радиолары» ЖШС бас директорының кеңесшісі қызметтерін атқарды.Биыл ақпан айынан бері ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен қатар Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына Айжан Болатқызы Шайназарова тағайындалды.
Айжан Шайназарова 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Санкт-Петербург мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебін бітірген, Дьюк университетінде тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі институтының Алматы филиалында аға лаборант қызметінен бастады.
1994-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
1999-2001 жылдары — Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы.
2001-2004 жылдары — ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ұйымдастыру жұмысы және әлеуметтік технологиялар департаментінің талдау және мониторинг орталығының бас маманы, басшысы.
2004 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында — ҚР ақпарат министрлігінің Әлеуметтік технологиялар департаментінің талдау және мониторинг орталығының бастығы.
2004-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.
2021 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі таңға дейін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының өкімімен Болат Анапияұлы Тілеп Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды.