Фотоколлаж © Аzattyq Rýhy
«Дикий Арман» ретінде белгілі Арман Жұмагелдиев мен Қайрат Құдайбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс материалдары Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті.
Бұған дейін Бас прокуратура Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі куратордың нұсқауымен жұмыс істегенін анықтады.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, «Дикий Арман» тәртіпсіздік ұйымдастырып, көпшілікті бақылауға алуы қажет болған. Сондай-ақ билікке талап қою үшін «халық кеңесін» құру туралы тапсырма алған.
«Оған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты (Қайрат Құдайберген – автор), Махатов криминалдық тобының белсенді мүшесі белсенді көмектесті. Ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне ұйымдасқан түрде келген бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Адамдар олардың артынан ермеді», – деді Берік Асылов.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталғанын естіген соң, қылмысқа қатысы жоқ екеніне сендіру мақсатында содырларға тонаумен күресу үшін қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған.
Осы мақсатта 6 қаңтарда олар «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып, ұстады.
Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған.