Президент жолдауынан кейін үкіметте кадрлық ауыс-түйіс басталды. Оған жаңадан екі министрліктің құрылатыны себеп болды. Осылайша елдегі министрліктер саны 21-ге жетті. Жалпы алғанда үкімет мүшелері құрамында 26 шенеунік бар. Kursiv.kz үкімет құрамындағы өзгерістер мен жаңа министрлердің қызмет жолына шолу жасады.
СМАЙЫЛОВТЫҢ АЛТЫ ОРЫНБАСАРЫ БАР
Бұл ауыс-түйіс кезінде премьер-министр Әлихан Смайылов пен оның орынбасарлары өз орнын сақтап қалды. Алайда премьер-министр орынбасары қызметімен қатар Сауда және интерграция министрлігін басқарған Серік Жұманғарин мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсенованың бір лауазымы қысқарды. Олар енді тек вице-премьер болады.
Осылайша Үкімет басшысы Смайыловтың 6 орынбасары бар:
Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы;
Ерұлан Жамаубаев – премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі;
Мұрат Нұртілеу – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі;
Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары;
Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары.
МИНИСТРЛІК ҚҰРАМЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
Жолдау барысында Тоқаев екі министрлік құрылатынын хабарлады. Олар: Су ресурстары және ирригация министрлігі және Көлік министрлігі. Бұл екі министрліктің құрылуы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әсер етті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін бұған дейін басқарған Марат Қарабаев қызметінен босатылып, жаңадан құрылған көлік министрлігіне басшы болды. Ал бұл министрліктің атауы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі деп өзгерді. Оны 2022 жылдан бері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы болған Қанат Шарлапаев басқарады. Шарлапаев қызметке тағайындалғанда оның Қазақстан азаматы емес екені, Ресей мен Ұлыбританияның азаматы екені айтылған еді. «Бәйтерек» холдингі сайтында Шарлапаевтың қазір Қазақстан азаматы екені көрсетілген.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Ерлан Нысанбаев тағайындалды. Ол 2014-2019 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2019 жылдың шілдеден бастап қазірге дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болған.
Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне Жамбыл облысын 2022 жылдан бері басқарған Нұржан Нұржігітов тағайындалды.
Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Асхат Оралов та қызметінен босатылды. Ал мәдениет саласы ақпарат саласымен бірікті. Нәтижесінде министр болды:
Туризм мен спорт министрі – Ермек Маржықпаев;
Мәдениет және ақпарат министрі – Аида Балаева.
Айта кетейік, Аида Балаева 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған. Ермек Маржықпаев кейінгі 4 жылда Ақмола облысын басқарған.
Өзгеріске елдің ішкі істер министрлігі де ілікті. Министрлікті былтырдан бері басқарған Марат Ахметжанов қызметінен босатылып, орнына Ержан Сәденов тағайындалды.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне енді Светлана Жақыпова жауапты болады. Ол 2017-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған. Ал биыл маусымда Светлана Жақыпова Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде де ауыс-түйіс болды. Нәтижесінде бұл саланы 2021 жылдан бері басқарған Ербол Қарашөкеев қызметінен кетті. Оның орнына 2022 жылдың желтоқсанынан бері Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Айдарбек Сапаров келді.
Қарашөкеев қызметсіз қалған жоқ. Ол енді Жамбыл облысын басқарады. Қарашөкеев ауыл шаруашылығына жауапты болған уақытта өзі басқаруға баратын Жамбыл облысындағы алты ауданда төтенше жағдай жарияланған еді. Ол аумақта құрғашқылық болып, Қырғызстаннан келетін су көлемі азайған. Салдарынан 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды. Ол жерде жүгері және қант қызылшасы өсірілген. Сондай-ақ Маңғыстау облысында құрғаұшылық кезінде мал қырылды.
ЕҢ ЖАС МИНИСТР КІМ?
Үкіметтің жаңа құрамындағы ең жас министр – 36 жастағы көлік министрі Марат Қарабаев. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 40 жаста.
Министрлер ішінде ең үлкені – экология министрі Ерлан Нысанбаев. Ол 62 жаста. Одан кейінгі орында 58 жастағы Тамара Дүйсенова тұр.
Министрлердің орташа жасы – 50,6 жас. Ал 2022 жылдың қаңтарындағы ауыс-түйістен соң үкіметтің орташа жасы 48,9 жас болған еді.
Үкіметтегі әйелдердің үлесіне келсек, 26 адамның тек төртеуі ғана әйел. Олар: денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова және премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.