Қазақстан халқы бақытсыз ба: рейтингте 165 елдің арасында 49-орында

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Our World in Data сарапшылары жүргізген бақыт пен өмірге қанағаттану рейтингінде Қазақстан 165 елдің арасында 49 орынға тұрақтапты. Дегенмен, еліміздегі тұрғындардың өмірге қанағаттану деңгейі посткеңестік кеңістіктегі басқа елдермен салыстырғанда жоғары.  Зерттеу «Кантрила сатысы» әлеуметтік әдісін қолдану арқылы халық арасында сауалнама жүргізу негізінде жүргізілді. Бұл 0-ден 10 балға дейінгі қарапайым шкала, мұнда максимум — адам өмірін ең жақсы деп бағалау, ал минимум — ең нашар. Мұндай сауалнамалар әлемнің 165 елінде жүргізілді, рейтинг үшін әр ел бойынша орташа балл таңдалды, деп жазады finprom.kz порталы.

Қазақстанда орташа балл 6,14 болған, бұл респонденттердің өз өмірлеріне жартылай ғана қанағаттанғанын білдіреді.

ТМД бойынша жақсы көрсеткіш болғанымен қазақстандықтар еуропалықтар немесе америкалықтар сияқты бақытты емес.

Тұрғындары ең бақытты елдер Еуропада. Үздік бестікке Финляндия, Дания, Исландия, Нидерланд және бір таяу шығыс мемлекеті — Израиль кірген.

Он балдық шкала бойынша бұл елдердің тұрғындары өмірге қанағаттану деңгейін 7,4–7,81 балл деңгейінде бағалады. Ал, ең бақытсыз адамдарды Ауғанстан тұрғындары деп атауға болады.

Ресейдің индексі 5,66, ол тізімде 79-орында тұр. Өзбекстан (6,01) 60-орында, Қырғызстан мен Беларусь 70 пен 71-ші орынға жайғасқан. , Армения 5,34-пен 90-шы орында. Тәжікстан (5,33) 92-ші орында.

Қазақстан 2011 жылы Our World in Data-ның «бақыт картасына» кірді, сол кезде біздің елде өмірге қанағаттану көрсеткіші сәл нашарлаған: 5,59 балл. Осы жылдар ішінде ҚР-дағы орташа балл шамамен бір деңгейде сақталып, 2019 жылы ол өсе бастады. Максималды нәтиже — 6,23 балл — 2021 жылы тіркелді, бір жылдан кейін ол аздап төмендеді.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) сондай-ақ ұқсас халықаралық әдістемені, 10 балдық рейтингтік шкаласын пайдалана отырып, өмір сапасы бойынша үлгілік зерттеулер жүргізеді. Соңғы рет осы жылдың наурыз айында сауалнама жүргізілген, оған 15 және одан жоғары жастағы 12 мыңға жуық қазақстандық қатысқан. ҚР СЖРА ҰСБ сарапшылары респонденттерді төрт топқа бөлгенін атап өткен жөн: өз өміріне қанағаттанатындар, ішінара қанағаттанатындар, қанағаттанбағандар және жауап беруден қалыс қалғандар.

Нәтижелер соңғы екі жылда өз өміріне қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі біршама төмендегенін көрсетті: 2021 жылғы 61,3%-дан биыл 41,8%-ға дейін. Күрт құлдырау 2022 жылы, пандемия аяқталып, халықаралық саяси оқиғаларға байланысты елде экономикалық дағдарыстың жаңа кезеңі байқалған кезде болған.

Биыл көктемде өз өміріне жартылай қанағаттанғандардың үлесі 57,7% болды. Қанағаттанбағандар өте аз болды: бар болғаны 0,4%.

Бір қызығы, Қазақстанның ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда өз өмірлеріне қанағаттанады. Қанағаттанғандар үлесіндегі айырмашылық айтарлықтай: ауылдарда 46,5%, қалалардағы 39,6%.

Ұлттық статистикалық қызмет есептерінің кеңейтілген нәтижелері Our World in Data зерттеу авторларының бақыттың байлыққа тәуелділігі туралы гипотезасын растайды. Қазақстанда да бұл айырмашылықтар бар және олар маңызды. Барлық респонденттерді әл-ауқаттың алты тобына бөле отырып, ҚР СЖРА ҰСБ сарапшылары байларға қарағанда кедей қазақстандықтар өз өмірлеріне әлдеқайда аз қанағаттанатынын анықтады. Табысы төмен топтың ұпайлары барлық дерлік санаттар бойынша ең төмен болды. Өмірге қанағаттанудың орташа бағасы 3,2 балды құрады. Табысы төмен жандар ең алдымен тұрмыс жағдайына, отбасының экономикалық жағдайына, баспана алудағы қиындықтарға наразы.

Көптеген санаттар бойынша орта тап 6,9–7,7 балл деңгейінде баға көрсетті. Жауаптарына қарағанда, бақуатты және ауқатты қазақстандықтар бақыттырақ. Олардың жұмысына, тұрмыс жағдайына, баспана сапасына, біліміне көңілі толады. Дегенмен, бұл параметрлердің көпшілігі негізінен байлыққа байланысты.

Сондай-ақ оқыңыз