Елімізде орта бизнес сегментін кеңейту үшін кәсіпкерлік субъектісіне қойыцылатын өлшемшарттар өзгереді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Орта бизнес сегментін кеңейту және кәсіпкерлерді бөлшектенуге ынталандырмау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттары (кіріс, жұмыскерлер саны) қайта қарау жоспарланып отыр,» делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, бұған дейін жүзеге асырылып келген кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріктіріледі.
«Біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді. Кешенді бағдарлама бәсекеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын болады. Сондай-ақ бизнестің санатына және технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты қолдау шараларының кең спектрі бар топтамалық шешімдер енгізіледі», делінген хабарламада.
Айта кету керек, бүгін Үкіметте жаңартылған құрамның алғашқы отырысы өтті. Онда «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
Айта кетейік, Президент жолдауында Қазақстан жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі керек. Ол үшін өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет екенін айтқан болатын.