АҚШ Украинаға 1 миллиард доллар көлемінде көмек береді. Бұл жайлы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді.
Блинкеннің айтуынша, бұл көмектің 665,5 миллион доллары әскери қажеттіліктерге және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
«Біз Украинаны қолдауды жалғастырамыз», деді Блинкен.
Сонымен бірге Пентагон Киевке әскери қолдау көрсету үшін 175 миллион доллар бөлетінін хабарлады. Басқа оқ-дәрілермен қатар, жаңа пакетте Abrams танктеріне арналған 120 мм «таусылған уран» снарядтары болатыны хабарланған.
Пентагон Америка Құрама Штаттарының Украинаның соғыс алаңында да, ұзақ мерзімді перспективада да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін одақтастарымен және серіктестерімен жұмыс істеуді жалғастыратынын баса айтқан.
Өз кезегінде АҚШ-тың бұл шешіміне Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі пікір білдірді. Елшілік мұны адамгершілікке жатпайтын қадам деп бағалады.
«Оқ-дәрілердің жарылуы нәтижесінде жылжымалы радиоактивті бұлт пайда болады. Уранның ұсақ бөлшектері тыныс алу жолдарына, өкпеге, өңешке шөгіп, бүйрек пен бауырда жиналып, қатерлі ісіктерді тудырады және ағзаның барлық функцияларының жұмысын тежейді», деп мәлімдеді Ресей елшілігі.
Жалпы Ресей басқыншылығы басталғаннан бері Вашингтонның Киевке әскери көмегінің көлемі 44 миллиард долларға жеткен.