«АрселорМиттал Теміртауды» ресейлік «Северстальға» сату туралы: қауесеттерге сене бермеңіздер – Роман Скляр

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға жаңа инвесторларды тарту мәселелерін қарастырып жатыр. Бұл жайлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.

Журналистер Премьер-Министрдің орынбасарынан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сатып алу мүмкіндігіне қатысты Батыстың санкцияларына ұшыраған «ресейлік «Северсталь» тау-кен металлургиялық компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр» деген ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.

«Бұл олай емес. Ресейлік компаниялармен ешқандай келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Бұл қауесеттерге сене бермеңіздер… Тиімді жұмыс істей алатын және осы өндірісті дамытуға инвестиция салатын басқа инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігін сақтайтын инвесторлар тарту ойда бар. Әзірге қандай компанияларды қарастырып жатқанымызды айта алмаймын, оған әлі ертерек», деді Скляр.

Ол сонымен бірге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жабдықтарды жөндеу, инвестициялау бойынша мерзімі өткен міндеттемелері бар екенін айтты.

«Кәсіпорында болып жатқан қайғылы оқиғалар, адам өлімі, әрине, бізді алаңдатпай қоймайды», деді Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары.

Еске сала кетсек, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Казақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені – 58 жаста.

Бұған дейін, Қарағанды облысының әкімдігі апат салдарынан қайтыс болған төрт кеншінің аты-жөнін жариялады.

19 тамыз күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеді.  

Кейбір ақпарат көздері компанияны болашақта ресейлік тау-кен металлургиялық «Северсталь» компаниясы сатып алуы мүмкін екенін жазды.  

Сондай-ақ оқыңыз