Банктер несиесін 90 күн төлемеген борышкерге жаңа қарыз бермеуі мүмкін

Жарияланды
shutterstock и freepik

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берілген тұтыну несиесінің көлемін заң жүзінде шектеуді ұсынып отыр. Бұл туралы ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

«Біз бұл өзгерістерді әлі ашық жариялаған жоқпыз, бірақ талап ең бірінші онлайн-несие бойынша күшейтілетін болады… Тұтыну несиесі де шектелуі керек. Кейде жеке кәсіпкерлер бірнеше миллиард теңге болатын тұтыну несиесін кәсіпкерлік мақсатта, бірақ кепілсіз алады», – деді ол ҚНРДА әзірлеген заңнамаға енгізілген түзетулерге сілтеме жасай отырып.

Сонымен қатар, агенттік тұтыну несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді тағы да ұсынады. Наурызда ҚНРДА кепілсіз несие бойынша шекті мөлшерлемені 56%-дан 44%-ға дейін төмендетуді ұсынған қаулы жобасын жариялады. Алайда кейіннен агенттік нарық өкілдерімен қайта талқылау үшін құжатты қайтарып алды.

«Біз микроқаржы ұйымдары беретін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуді, тұтынушылық несиені табысқа байланысты шектеуді, яғни қарыз алушының төлем қабілеттілігін неғұрлым қатаң растауды жоспарлап отырмыз», – деді Әбілқасымова.

Қазіргі кезде банктер борышкердің қарызы айлық табысының 50 пайызынан аспауы тиіс деген ережені ұстанады. Енді қайта қаржыландыруды да алып тастауы мүмкін.

Әбілқасымованың айтуынша, жаңа өзгеріс негізінде банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының несиесі бойынша есеп айырысу жолдарын ұсынуы тиіс. Оның айтуынша, мұндай рәсім несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету, жеңілдетілген несие кестесін белгілеу, сондай-ақ қарызды ішінара есептен шығаруды қамтиды. Сондай-ақ, төлемін 90 күн кешіктірген борышкерлерге жаңадан несие бермеу талабы да қарастырылып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында нақты секторға берілетін кредит азайып, банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтып өтті. Ал, банктердің тұтынушылық несиеге басымдық беруі азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұл мәселені біршама реттегенімен, ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Сондай-ақ оқыңыз