Жаңалықтар

Қазақстанда активтерді жария көрсету туралы декларацияның ережелері бекітіледі

Фото: kursiv.media

«Ашық НҚА» порталында активтерді жария көрсету туралы декларацияны ұсыну ережелері және нысанын бекіту туралы Қаржы министрі мен мен Бас прокурордың бұйрығы жарияланды.

«2023 жылғы 12 шілдеде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылданды. Заңның субъектілері және оның үлестес тұлғалары активтерді ашып көрсету туралы декларациясын ұсыну құқығы көзделген. Осыған байланысты, аталған декларация түрін тапсыру мен уәкілетті органмен қаралуы рәсімін толығырақ заңға тәуелді актілерде реттеуді қажет етеді. Бірлескен бұйрықты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды», делінген құжатта.    

Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну ережелері мен нысандары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6 және 18 – баптарына сәйкес әзірленген және тізілімге енгізілген тұлғалардың активтер туралы декларацияны жасау тәртібін айқындайды.

Бұйрықта көрсетілген ережелерге сәйкес декларация және оған қоса берілетін мәліметтер активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынылуы мүмкін. Декларацияларды қабылдау тек қолма-қол жолмен жүргізіледі. Декларацияны қабылдауды активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның кеңсесі жұмыс күндері мен жұмыс уақытында жүргізеді.

«Декларация электрондық пошта арқылы қабылданбайды және кеңсенің не активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлерінің мекенжайларына электрондық пошта арқылы жіберілген декларацияға жауап жіберілмейді. Тиісінше электрондық пошта арқылы түскен декларацияны қарау жүргізілмейді», делінген декларция ережелерінде.

Құжат 21 қыркүйекке дейін талқылауда болады. Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Айта кетсек, тамыз айында елімізде «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» құрылды. Бұл компанияның міндеті – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету. Сонымен бірге активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз етуде бұл компания өзіндік рөл атқармақ.

Бұған дейін, 24 мамырда мәжілісте баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеген болатын.

Ал 7 маусымда Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң жобасын мақұлдап, оған 12 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.