АҚШ «бөгет қойылған» Ресей активтерінің құны 280 млрд долларға жеткенін хабарлады

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

АҚШ Ресейдің «бөгет қойылып», нарықта жолы жабылған активтерінің құнын есепке салды. Есеп бойынша, шетелде бұғатталған Ресей активтердің сомасы, шамамен, 280 миллиард долларға жетіп жығылған.

Қазір Ресей активтерінің дені Еуропалық Одақ (ЕО) тұзағына түсіп, тым-тырыс жатыр. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің Ресей элиталары, сенімді адамдар мен олигархтар (REPO) бойынша жұмыс жүргізетін топ  хабарлады.

Әрі  АҚШ-тық сарапшылар тобы бұған қатысы:

«Мамыр айында REPO қатып қалған және REPO – ға мүше юрисдикциялардағы Ресейдің егеменді активтерін картаға түсіру және есепке алу жұмысын аяқтады. <…> Активтердің жалпы құны шамамен 280 миллиард долларға бағаланады, оның көп бөлігі Еуропалық одақ төңірегінде» – деп пікір білдіріп отыр.

Орайы келгенде айта кетейік, Ресей мұндай бөгесінге «Украинаға қарсы арнайы операцияны» бастаған кезден-ақ ұрынды. Арнайы операцияға аяқ басқан Ресейге батыс елдері ауқымды санкция салып, ақырында сыртқы активтері тұралап қалды. Ресей тарапының өзі мұны ашық мойындағандай.

Естеріңізде болса, Қаржы министрі Антон Силуанов 2022 жылдың наурызында Ресей Банкінің алтын валюталық резервтерінің жартысына да, шамамен, 300 миллиард долларға қол жеткізе алмағанын мәлімдеген еді.

Еуропалық Одақ Ресей активтерінің жолын жабуда ерекше белсенділік танытып отыр. Мысалы, ЕО шілдеде 207 миллиард еуро Ресей активтерін тоқтатты. АҚШ Әділет министрлігі бұған қатысты пікір білдіріп, Еуропалық одақтың 500 миллион доллар ресейлік кәсіпкерлерге тиесілі активтерге тыйым салғанын мәлімдеді.

Тұралап қалған Ресей активтерін кәдеге жарату жолына келгенде «өз жорғасын» жетектей жеткендер де көп. Батыстықтар да, Киев төңірегіндегілер де тұралап қалған активтерді Украинаның аяқтан тұруына жұмсау жағын оқтын-оқтын халықаралық саясат алаңында сөз етеді.

АҚШ Сенаты 2022 жылдың желтоқсанында ресейлік кәсіпкерлерден тәркіленген активтерді кәдеге жарату жағын қарастырды. «Тоң болған активтерді» Украинаға қарай бағыттап, гуманитарлық және әскери көмек есебінде жіберуге болатынын мақұлдады. 7 қыркүйекте АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ресейлік кәсіпкерлерден тәркіленген 5,4 миллион доллардың Украина ардагерлерін қолдауға жұмсалатынын айтты.

Ресейдің «тым-тырыс» жатқан активтеріне қатысты талан-таражыға Кремльдің өз айтары бар. Еске сала кетейік, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай шешімге қарсы іс-қимылдың шектеулі екенін, бірақ, сонда да Ресей билігінің құр «қарап отырмайтынын» кезінде атап өткен.

Сонымен қатар, Песков осы жылдың мамырында ресейлік активтердің еш шартсыз құрықтан босап, қайтадан нарық айналымына түсуі қажет деп  мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз