Жаңалықтар

«Полиэтилен» жобасын жүзеге асыруға Қытайдың Sinopec компаниясы көмектеседі

Фото: Үкімет үйі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Sinopec компаниясының президенті Юй Баоцай мұнай-газ саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкімет үйі.

Үкімет басшысы Sinopec компаниясының тікелей қатысуымен елімізде бірқатар маңызды жобалардың, соның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялау жүзеге асырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай-газ химия өндірісін жедел дамыту міндетін қойғанын атап өтіп:

«Полиэтилен» жобасы мұнай-газ химия өнеркәсібін дамытудағы маңызды кезең. Оны жүзеге асыру ел экономикасына мультипликативті әсер етпек. Sinopec компаниясы мұнай-газ химия саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескерсек, компанияның жобаға тең құқылы серіктес ретінде келуі стратегиялық маңызды мәселе», деді.

Өз кезегінде Sinopec компаниясының басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласы бойынша ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Sinopec президенті мұнай-газ саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді.

Sinopec – Қытайдың интеграцияланған энергетика және химия компаниясы. Өндіріс көлемі бойынша елдегі екінші ірі мұнай-газ компаниясы саналады. Forbes Global-дың 2000 және 2022 жылғы ең ірі компаниялар бойынша жасаған тізімінде 45-ші орында тұр.

«Полиэтилен» жобасының құрылысы 2022-2028 жылдарға жоспарланған. Жоба құны – 7,6 млрд долларды құрайды. Құрылыс барысында 8 мың адамды жұмыспен қамтыса, зауыт ашылған соң 875 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл зауыт жылына 1250 тонна полиэтилен өндіретін болады.