Қазақстан мұнай өндіру бойынша тамыз айында ОПЕК+ квотасын орындай алмады

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда тамыз айында мұнай өндіру тәулігіне 1,45 млн баррельді құрады. Бұл туралы Platts деректеріне сілтеме жасап S&P Global Commodity Insights хабарлады.

Тамыз айында ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіру бойынша Қазақстанға бекіткен квотасы тәулігіне 1,55 млн баррель болған еді.

S&P Global Commodity Insights дерегінше, осылайша Қазақстан ОПЕК+ квотасынан тәулігіне 100 мың баррельге артта қалған.

Энергетика министрлігі тамыз айындағы мұнай өндіру көрсеткіштеріне қатысты мәлімет жарияламады.

Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі Қашаған кен орнында ғана мұнай өндірісін тәулігіне  1,6 млн баррель жеткізуді көздеп отыр.

4 қыркүйек күні мұнай бағасы рекордтық өсім көрсетті. Brent маркалы «қара алтынның» баррелі 89 долларға жетті. Бұл 2023 жылдың қаңтарынан бері ең жоғары көрсеткіш. Әлемдік сарапшылар шикізат құны барреліне 100 долларға жетуі мүмкін деген жағымды болжамдарымен бөлісуде.

Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, «қара алтынның» бағасына ОПЕК+ елдерінің өндірісті қысқарту шараларын ұзарту туралы күтулері ықпал етіп отыр.

Бұған қоса, Сауд Арабиясы өз еркімен өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельге қысқартуды қазан айына дейін ұзартуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз