Күдікті ұсталды: Бақытжан Базарбектің Алматыдағы пәтерінің алдында бесік арба өртеген адамның кім екені анықталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы полициясы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтерінің алдында тұрған бесік арбаны өртеген күдіктіні ұстады.

Бұл туралы мәжілісмен өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Базарбектің айтуынша, қастандық жасаған адамның кім екені анықталған.

«Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы полициясының қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған азамат Б.-ны ұстады», – деп толықтырды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәсі дәлелденсе қылмыскер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін депутат Алматыдағы пәтерінің алдында тұрған қоларбаны белгісіз біреулер жағып жібергенін хабарлаған еді.

«Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын квартирамыздың есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар жоғын ескертіп, білдіріп отырғандай сезінесің! Не болса да тергеу қорытындысын күтейік», -деп жазды ол.

Мәжілісмен бұл жайтты өзінің заңгерлік және депутаттық қызметімен байланыстырады. Ол заңгер ретінде жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен жер мәселесімен айналысты.

Базарбек биыл наурыздан бір мандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланған. Депутат ретінде де жер мәселесін көтеріп, сауал жолдап жүр.

Мәселен, Ахметжан Есімов пен Бауыржан Сағынтаев әкім болып түрған кезде Алматы қаласының маңындағы алма бақтар мен жер жекенің қолына заңсыз өтіп кеткенін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Инспекторлар тексеріс жүргізгенде, оларға «Назарбаевтың әулеті мен олигархтары қысым жасайды» деп мәлімдеді.

Алматы облысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаев қызметке қойған әкім заңсыз қаулы шығарып, жайылым жер бүтін бір отбасының меншігіне өтіп кеткенін де айтты.

Сондай-ақ оқыңыз