Жаңалықтар

Президенттің бес күн бұрын тағайындалған баспасөз хатшысы денсаулығына байланысты қызметінен бас тартты

Байгараев ушел с поста пресс-секретаря Токаев спустя пять дней после назначения

Фото: Ақорда

Президенттің бес күн бұрын тағайындалған баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев денсаулығына байланысты қызметінен бас тартты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айтуынша, денсаулығына қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерге тексерілуге мәжбүр болған. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалған. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақта ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап еткен.

«Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз.Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді»,-деп жазады ол.

Сондықтан ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп тауып, Президент баспасөз хатшысы қызметінен бас тартқан.

Байғараев Президенттің баспасөз хатшысы болып 6 қыркүйекте тағайындалған еді. Бұған дейін ол «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде басшылық қызмет атқарған.

Президент жолдауынан кейін үкіметте кадрлық ауыс-түйіс болды. Оған жаңадан екі министрліктің құрылатыны себеп. Осылайша елдегі министрліктер саны 21-ге жетті. Жалпы алғанда үкімет мүшелері құрамында 26 шенеунік бар. Kursiv.kz үкімет құрамындағы өзгерістер мен жаңа министрлердің қызмет жолына шолу жасаған еді.