Жаңалықтар

450 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді: QazaqGaz басшысы Президентке есеп берді

Фото: kursiv.media

QazaqGaz АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың айтуынша, ұлттық компания былтыр жыл басынан бері халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялаған. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізген. Компания басшысы Президентке биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері және газ саласын реформалау жұмыстарының барысы туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

2023 жылдың соңына дейін Анабай газ кен орны іске қосылса, Придорожное кен орнын игеруге дайындық басталған.

Компания басшысы QazaqGaz акционерлік қоғамы 2022 жылдың басынан бастап Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында өз қаражаты есебінен сомасы 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асырғаны жөнінде баяндаған.

Сонымен қатар Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асырылу барысы және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылуы жөнінде ақпарат берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаркешовке ішкі нарыққа газ жеткізуді тұрақты түрде қамтамасыз ету, жылыту маусымына уақтылы дайындалу, үнемді тұтыну тұжырымдамасын енгізу және баға белгілеу ісін реформалауды тапсырды.

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.

Қазақстанда өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов еліміздегі газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді деп мәлімдеген.

Сонымен қатар, QazaqGaz сайтында жариялаған мәліметке сүйенсек, ресурстқы базаны кеңейту үшін «Газ кен орындарының Амангелді тобын игеру» және «Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабатының метанын өндіру инвестициялық жобалары қолға алынған.