Мүфтият мектепте хиджаб киюге рұқсат беру туралы дауға қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан діни басқармасы мектептегі киім үлгісіне жалпы хиджаб төңіріегінде туындаған дауға қатысты мәлімдеме жасады.

Мүфтият орамал тағудың да, білім алудың да үкімі – парыз екенін айтқан және шариғат бойынша балиғат жасына толғандарға орамал тағу міндетті емес екенін мәлімдеді.

«Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз. Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек», делінген мүфтият таратқан хабарламада.  

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірталас туындап жатады. Осыған орай мүфтият қызметкерлері ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берген. Олар өз өтініштері ескеріліп, оң шешім қабылданады деген үмітте.

Еске сала кетсек, Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың мектепке оқушы формасымен келуі керек екенін айтқан болатын.

«Конституция бойынша Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектептегі формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге міндетті. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауға міндеттіміз«, – деді министр.     

Сондай-ақ оқыңыз